Ақтауда ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтарды еске алуға арналған ас берілді. Аста әзербайжандық меценет көз жұмған әр қазақстандықтың отбасына Алматыдан жаңа пәтер сыйлады,-деп хабарлайды Jarialike.kz. Одан бөлек кәсіпкер өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті, Ақтау қаласы ауруханасы мен жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясына үш жаңа автокөлік тарту етті.
Бұл туралы Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі ресми сайтында хабарлады. Іс-шараны Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі, Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігі және Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырған.
Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел, Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Агалар Атамогланов, Әзербайжанның Ақтаудағы Бас консулы Айхан Сулейманлы, қаза тапқан қазақстандықтардың отбасы мүшелері, әзербайжан диаспорасының өкілдері, құтқару жұмыстарына қатысқан мекемелердің өкілдері, Ақтау қаласының жұртшылығы қатысты.
Аста әзербайжандық кәсіпкер Амиль Юсифов сөз алып, Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатқанын және қазақ еліне қолдау көрсетуді өзіне міндет санайтынын жеткізді. Ол қаза тапқан қазақстандықтардың жақындарына Алматы қаласының жаңа тұрғын үй кешеніндегі бес екі бөлмелі пәтердің кілттерін табыс етті. Пәтерлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған.
Сонымен қатар меценат Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне, Ақтау қаласының ауруханасы мен жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясына үш жаңа автокөлік сыйлады. Қаза тапқандардың жақындары мен зардап шеккендерге көмек көрсетуге атсалысқан мекемелердің қызметкерлері әзербайжандық кәсіпкерге алғысын айтты.