Кез келген тұлға жайлы кез келген қаламгер ой толғай алмайды. Оның үстіне кейіпкер-тұлғаның ой-өрісі мен зейін аумағы бұл үлкен шаруада басты рөл атқарады. Сондықтан Бақытгүл қарындасым: «Ағатай, апайым жайлы естеліктер топтамасын шығарғалы жатыр едік. Соған сіздің естелігіңіз ауадай қажет болып тұр» деп өтініш жасаған шақта біраз абдырап қалғаным рас. Неге?
Мен жалпы естеліктердің біразының басын қайырып, қазақша айтқанда ысылып, төселіп, сүзгіден өткен пендемін. Десек те Қанекең жайлы естелік жазудың тұқымы да, әлеуеті де тым-тым басқаша болуға керек шығар. Ерек жан жайлы естелік те ерекше болуы шарт. Мені есеңгіреткен, абдыратқан осы жай еді.
Қанипа… Қанекең… Ұстаз Қанипа Бітібаева… ХАН-АПА…
Осы бір атауларды жіліктеп көруге талпынып көрсем қайтеді.
Мұхаммед Пайғамбардың Алланың елшісі екендігі рас делік. Алаштың абыздары Абай да, Шәкәрім де сол Пайғамбардың жұмбақтары мен сұрақтарын шешуге әрекет жасағандары, тағы да шындық. Ал Қанипа Бітібаева сынды ғұлама ұстаздың Абайға, Шәкәрімге ерекше ден қойып, шұқшия зерттеуінің мәні мен мағынасына неге үңіле алмай жатырмыз? Әлде тым тереңдікке бойлаудан қашқақтаймыз ба, немесе, зерде аумағымыздың әсіре тарлығынан үркеміз бе?! Десек те, біздің Қанипа дәл осы бір түйткілді сұрақтардан ұлы ләззат алған сияқты. Ләззатпен ғана шектелмеген, түпсіз құдықтың тереңіне үңілген сынды. Сонда Ол кім? Әулие шығар. Әулие деп атауға да болушы еді, дегенмен ол атауға өз арамыздан кеше ғана қош-қошын айтып өте шыққан, дуылдатып-шуылдатып бірге дәурен кешкен адамға қазақы түсініктегі, қазақы іштарлықпен ауызданған жергілікті қазақтар ернін шүйіріп қарайтынын білемін. Сол себепті әулие деген сөзді біле тұра әдейі қолданбай отырмын. Әзірше! Иә, әзірше. Қой, бәрін де басынан бастағанымыз дұрыс шығар.
Қанипа Омарғалиқызы да пенде. Ол да өзіміз секілді көп балалы жанұяда өсті, мектепке барды, бойжетті. Студент атанды. Ғұлама ғалым Қайым Мұхаметхановтан дәріс тыңдады. Біз де сөйткенбіз. Қайымның алдын көріп, сарқытын іштік. Алайда, Қанипа шыққан Ұстаздық биігіне шыға алмадық қой. Бұл да жұмбақ. Тағы да неге деген сұрақ жағадан алады. Неге?
Бірер жас айырмамыз болғанымен Қанипамен іркес-тіркес оқыдық. Мен бірінші курсқа түскенде Қанипа 3-курс студенті. Аққу мойынды, найза кірпік, құмырсқа бел, қос жанарынан саулаған жалын төңірегін отқа орап, өртеп жіберердей тым өткір, тым ұшқыр ойлы, тым өжет, әсіре кірпияз болатын. Тынымсыз еді. Қалың қолаң шашын оң иығына қарай шұғыл серпіп тастап кез келген жиындарда, конференцияларда, қала берді театр сахналарында жарқ-жұрқ етіп көз қарықтыратын. Сүйкімді деуге аузым бармайды,(кейбір жандардың сүйкімділігін пысықтықтың пәсі жеңіп кетеді), алайда классикалық сұлулықты тал бойына жинаған ару еді. Ойбой, оған қаншама жігіттер ғашық болды, жыртылып айырылатын, аһ ұратындар қаншама еді, алайда солардың бірде біреуі Қанипаға ғашық сөзін, асық сөзін жеткізе алмай бозбала, желбіркөкірек шағын құсалықта өткізгеніне бәс тігісемін. Мені сол кездің өзінде: «Әй, осы Қанипа ғашықтық, махаббат үшін, пенделік сезімдер, пенделік әрекеттер үшін жаралмаған, тек ғылыммен айналысуға, ерен істер жасауға жаралған жан болар» дегендей ой мазалағаны жаңадан ғана есіме түсіп отыр. Жоқ, тағы да қателікке бой алдырдым: Қанипа бесаспап болатын. Одан тамаша актер да шығушы еді, ол тәп-тәуір ақын немесе жазушы да боп кете алар еді, оның басшылыққа да бейімі өрескел болатын, мәселен ол институтты бітірген соң сол кездегі ғылымға деген баспалдақтың бастауы – аспирантураға түсіп кетуге де мүмкіндігі шаш-етектен еді, онан кейін ғылым кандидаты, докторы, академик…. Қойыңызшы, ол осылардың баршасын басындағы тымақпен емес, төбесін ғана жауып тұратын жалаңқабат беретімен ұрып алатын жан болғандығына мүлдем шәк келтірмеймін.
Алла оған осыншама мол талантты үйіп-төгіп бере салғанына мен әлі күнгі таңмын. Әлі есімде…
Семейдің Абай атындағы театрындағы ҚСРО-ның жалғыз Халық әртісі Әбілқасым Жаңбырбаев ағамыз осы біздің институтта драма үйірмесін аша қалсын. Филологымыз бар, тарихшыларымыз бар, баршамыз лап еттік. Жалпы, жастық шақтың басты ерекшелігі дейміз бе, мүмкін елден ерек көрініп қалуға тырысудың эмоционалдық мөңкуі ме, әйтеуір бәріміз Әбілқасым ағаның аяғына бас ұрдық. Жарықтық бірбеткей жан еді, қатаң сүзгі жасады: Қанипа әлгі сүзгіден алғашқы болып өтті. Енді қысқартайын: студент әртістер ең алғашқы сахна шымылдығын «Абай» драмасымен ашты. Қанипа – Тоғжан, институттың Ермек Серкебаевы аталған Әденбек Шерубаев Абай рөлінде. Екеуі де курстас. Сондағы Қанипаның өзі сүйген, өзін сүйген Абайына деген мейрімі мен періште махаббатын, әй, кез келген сахна шебері бере алмаған шығар. Арада 60 жылдай уақыт өтіп кетсе де Тоғжан-Қанипаның сол кездегі алағай-бұлағай жарқылы, сол кездегі мақпал дауысы, сол кездегі қос жанарынан сорғалаған бармақтай жас тамшылары әлі күнгі көз алдымда. Рас айтамын. Драма ғажап болды. Масқарасы сонда, театрдан баршамыз жылап шықтық. Нақты айта алмаймын, мүмкін, сол кездің жастары тым-тым боркемік, өрескел гуманист болдық па… Жо-жоқ, бұл шешім сәл қателеу, біздер, сол дәуірдің өрімдері әсіре сезімтал едік! Анау көз жасымыз - бастау суы сынды шынай ризалықтың жасы-тын…
Мүмкін, әбден мүмкін, бойжеткен Қанипаның Абайдай алыптың хакімдігіне ғашықтығы, асықтығы сол кезеңнен бастау алған шығар! Жұмбақ ғалам, дөңгеленген дүние…
Жылдар өтті, от бастық, бел астық, су кештік. Жоғарғы оқу орнын да бітірдік. Тарыдай шашырап қарт Алтайдың қойнау-қолаты мен сай-саласында қою қоңыр түтінін шалқытып, мамыражай тірлігін күйттеп жатқан ауылдарымызға тарадық. Қанипа жайлы дереккөздерімнің бастауын да шөп-шалам баса бастады. Естігенім мынау: кешегі күні ғалым болады, әртіс болады, ақын-жазушы атанады деп үміт еткен Қанипамыздың Тарбағатайдың елеусіз бір пұшпағындағы өз ауылында ұстаздық етіп жатқаны. Біз білетін Қанипа өйтпеуі керек еді ғой. Неге, неге Алласы алқалаған барша таланты мен дарынын тәрк етіп, елеусіз, болашақсыз ауылды таңдады?
Жоқ. Кездестік. Он екі жылдан соң. Катонда. Мен ол кезде ауылдамын. Катонда облыстық деңгейдегі үлкен алқалы айтыс өтті. Айтыстың ол кезде оңынан айы, солынан күні туып, жаңа-жаңа дәуірлеп келе жатқан шағы. Айтыс десе ауылдың аңқау да аңқылдақ халқы етбетінен түседі. Катоннан айтыскер ақын табылмай, әйтеуір жазып-сызатының бар емес пе еді, сен көрсең қайтеді дегендей етіп аламанға мені қосып жіберісті. Міне, Қанипамен сонда жолықтым. Баяғы салдырлаған, кесек-кесек ойларды төгіп-шашып, санасы мен болмысын алағай-бұлағай күйге түсіріп жүрген риторикалық сұрақтарын аңқылдай лақылдатып отыратын Қанипа.
- Осы сен үйленіп пе едің? Мен әлі салт басты, сабау қамшымын. Институтта жүргенде маған неге сөз салмадың? Шығып алушы едім ғой,- деп жарқылдай күледі.
- Ойбай-ау, енді… Ол кезде саған жақындау ақырамаштың (тозақ пен жұмақтың арасындағы көпір) көпірінен өтумен пара-пар болды емес пе. Көп жігіттер саған сөз салуға бата алмай, бошалап кеткені шындық,- деп қалжыңдаған боп жатырмын.
Толысыпты. Ойы да, бойы да. Абыздық сөздер айтады. Қазақстандық білім беру жүйесіндегі олқылықтарды қолмен қойғандай тәтпіштегенде, шынымды айтайын ба, Қанипаның мынау қораш тірлігіне жаным ашыды. Шыдамадым.
- Қанеке, Сонау Парламент пен Білім министрлігінің үлкен трибунасында саңқылдап тұрап айтатын ойларыңды, абыздық трактаттарыңды мынау Катонның екі Қанипаға тарлық ететін бөлмесіне төгіп-шашып отырсың. Мұны қалай деп түсінсек екен? Жоғарыға сан шақырыпты. Естідім. Бармапсың. Аядай Жамбыл гимназиясында қай атаңның басы қалып еді?- деп оның өз стилінде сөйлеуге тура келді.
Ол отырып-отырып, не заманда ұлпа шашын оң жақ иығына оқыс сілкіп тастады да (құдай-ау, сол баяғы қыз кезіндегі сияқты) :
- Әлеке, ниетің мен пиғылыңа ризалықтан басқа не айтайын. Сен де баяғы бозала шақтағы, жарымай жүрген бозбала кездеріңдегі бірбеткейлігіңнен, айтайын да өлейін дейтіндей қағидаларыңнан айнымапсың. Сенімен мынау аядай бөлмеде сыр айтысып, шын айтысып отырмыз ғой, мен де бір мәрте ағымнан жарылайын.
Өскеменде еш атамның басы жоқ. Баршасы Барқытбелдің бөктерінде. Мені мына шағын гимназиядан тапжылтпай, шегелеп ұстап отырған бір ғана себеп бар, ол – өзім тәрбиелеп жатқан, болашақтарынан үміт күтіп отырған жаутаңкөз шәкірттерім. Солардан тұтас Қанипа болмаса да, титімдей болсын Қанипаның қуыршақтарын жасап кетсем деумен күнімді батырып, таңымды атырып жүрген бейшарамын. Рас, бейшарамын. Менің күңгірт күнімді, тартып жүрген азабым мен тозағымды итке берсін. Қарқ боп жүр дейсің-ау. Өзің айтпақшы, атаңның басы! Өскемен дүрегей қала. Дала да, қала да, көше де, сауда, да, пайда да, тіпті барша оқу орындары да тек орыс тілінде сайрайды. Мен солармен күресіп жүрген жалаңтөс, жалаңаяқ батырмын. Мен кетіп қалсам не болады? Сендер болсаңдар Алтайдың қуыс-қуысын паналап, таңғы асты тәңіріден тосып жатуды ғана білесіңдер. Бірде-біреуіңнен көмек жоқ.
Ал, мен Парламент трибунасынан саңқылдадым-ақ дейік. Сен солардың ішінен менің абыздық афоризмдерімді тыңдар құлақ пен оны жүзеге асыра қояйық дейтіндей ұлжанды азамат тауып бере қойшы?! Жо-жоқ, шаммен іздесең де таба алмайсың. Рас қой. Сондықтан, Әлеке, менің қазіргі таңдауым, қазіргі тірлігім – ең қолайлы, ең тиімді тәсіл. Гимназияда тым құрығанда оншақты қыз бен жігітті ұлшыл етіп шығарамын Көр де тұр. Ал, қазіргі біздің Қазақстан үшін ұлтжанды болып қою ғана аздық етеді. ҰЛТШЫЛ болу керек!!! Міне, сонда барып Жаңа Қазақстан жасалады!- деп ентігіп барып тоқтады. Алқынып қалды. Менің осы сөздерімнен бірдеңе ұғып отыр ма, жоқ па дегендей, көзінің қырымен мені зерттеп отырғанын да байқап қалдым…
2014 жылдың қара күзі. Өмірден Хан-Апа озды. Алтайдың Ұлы бәйтерегі құлады. Аяқ асты. Күтпеген жерден. ЖАЗМЫШ! Ал, оның Тағдыр сценарийі тым әдемі әріппен терілгенін жақсы білемін. Қазақстан әр қиырынан келген, Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева сынды алып педагогты ақтық сапарға шығарып салушылар легі Жамбыл гимназиясының қос үйдің аумағындай ғана ауласын жыртып жібере жаздады. Көз жастарына ие бола алмай төгіліп, егіліп қоштасып жатқандар. Қара күздің қара жаңбыры сабап тұр…
Топтың бел ортасында тұрған менің көз алдымда тек қана Қанипа. Оның өткен өмір жолдары үзік-үзік кино таспалары сынды көз алдымнан өтсін-ай келіп…
Қанекең өз Тағдыр сценарийін өзінің мінез-құлқымен, асқан зерделілігімен, асып-тасқан зияткерлігімен, таңды таңға ұрған жансебіл еңбеккерлігімен, ең бастысы ғұмыр бойы өзі тереңіне бойлауға әрекет жасаған Абайдай хакім атасының рухани демеушілігімен құрастырған еді. Тағдырын адам өзі жасайды. Ал, Жазмыш – Алланың құзырында.
Ол – ешкімге міндетін артқан жоқ. Өкімет берген жалғыз бөлмелі пәтерде ғұмыры өтті. Сол жалғыз бөлмелі пәтерде тек Қазақстан емес, мұқым жер шарындағы жас өскіндердің Адам болып қалуына арналған жоспарлар, әдістемелер, идеялар тасқа басылып жатты. Не әйел емес, не еркек емес дүбәра өмір сүрді. НЕГЕ? Ол – ӘУЛИЕ болатын. Пенделік ғұмыр – әулиелерге жат! «Ағайын танымаған асылға – алыстағы жаттың көзі түседі!». Қазақтың сөзі. Қанипаның тілін түсінбейтін, алайда әдістемесіне таң-тамаша қалған американдықтар қазақстандық абыз әйелді бас салып құшақтап, не жақсылық жасарларын білмей аласұрды. Дүниеде осындай асыл Ұстаз барына масаттанды. Қалаларының Құрметті атағын алқалады.
Ал, біздер… Өскемендегі бір мектепке атын бере алмай пұшаймандық күй кешіп, әлі күнгі жер шұқып жүрміз.
Бұл кең дүние…
Әлібек Қаңтарбаев,
жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Катонқарағай ауданының, Өскемен қаласының және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы.