Мәзір
4 ақпан, 2025 / JariaLike / Спорт

Риддерде төбесі жабық хоккей модулі салынуы мүмкін

1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек.

Риддерде төбесі жабық хоккей модулі салынуы мүмкін Риддерде төбесі жабық хоккей модулі салынуы мүмкін
Фотосурет Icehockey.kz сайтынан

Ең әуелі мұның жаттықтырушылар, шайбалы хоккейге қызығып жүрген жас буын мен ата-аналар үшін қуанышты хабар болары сөзсіз. Алаңсыз жаттығуға мүмкіндік беретін модульдер Өскемен қаласы мен Алтай ауданында бар. Ал Риддер оқушылары жыл сайын қыста ашық аспан астында дайындалып, әзірлік мерзімі тез аяқталады. Шеберлігін әрі қарай шыңдау үшін облыс орталығына баруға мәжбүр. Егер бұдан басқа әдісі табылмаса, уақыттан да ұтылады, екіортада кеткен шығын да артады.
ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылдан бастап үш жерде төбесі жабық хоккей модульдері салынады. Олар: Риддер қаласы, Зайсан ауданы және Глубокое кенті. Барлығы республикалық бюджет есебінен жүзеге аспақ.
Әрқайсысына 1 млрд 134 млн теңге жұмсалады деп отыр. Басқарма басшылығындағылар әзірге модульдің үлгісі мен кескіні қандай болатынын айтқан жоқ. Жобалық-сметалық құжаттамаларды әр қала, аудан өз беттерінше дайындады. Типтік жоба әлі әзірленбеген.
 – Хоккей модульдерінің құрылысы әр ауданның географиялық орнына байланысты жүргізіледі. Осылайша, олардың лайықты аумақта бой көтеріп, көпшіліктің келіп-кетуіне ыңғайлы болуы басшылыққа алынады. Жергілікті әкімдіктің бұған қатысты өз жоспары мен ұсыныстарының бары белгілі. Мұндай бастамалар арқылы климаты әр қилы қала-аудандарда хоккей спортына қолжетімділікті арттыру жеңілдейді, – делінген ведомствода.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының Риддерге қатысты ұсынған нақты ақпараты мынадай: жобалық-сметалық құжаттама биыл әзірленеді. Модульді салып біткенше үш жыл (2026-28 жылдар аралығы) кететін көрінеді. Барлығы аман-есен бітіп, ашылып жатса, спортты серік еткен жастар үлесі едәуір көбейеді деп отыр. Жаңа нысанда шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өткізуге болады. Айтпақшы, Алтай қаласындағы төбесі жабық кешенге кез келген тұрғын барып, мұзда сырғанай алады. Риддерде де осылай болса жақсы еді.
Тағы бір айта кетейік, аймақ басшысы Ермек Көшербаев «Шығыс Қазақстан – отандық қысқы спорт шеберханасы» деген тіркестің әлі өзектілігін жоймағанын былтыр желтоқсанда өткен жиында айтқан болатын. Соған хоккей спортын аудандарда да қолдау табуы керек дегенді алға тартты. Солардың бірі Зайсанда қолға алынбақ.
– Мұндағы жасөспірімдер мұз айдынында желдей еседі, қызығушылықтары бар. Жалпы, облыс көлемінде осындай жағдай. Ашық аспан астында ойнаған жақсы. Бірақ жабық кешен болса, дайындық одан да сапалы болмақ. Өскеменде үлкен Спорт сарайы, сосын он жыл бұрын салынған тағы үш хоккей корты бар. Жыл сайын бұған келіп жатқан балақайлар саны қалың, – деді Ермек Көшербаев.
 

Көп оқылды: