Мәзір
31 қаңтар, 2025 / JariaLike / Спорт

Азиядаға ШҚО-дан 28 спортшы аттанады, 10-ы – риддерлік

Бұл жақтан қыз-жігіттер тау шаңғысы, биатлон, шаңғы бойынша көпшілік сенімін арқалаған.

Азиядаға ШҚО-дан 28 спортшы аттанады, 10-ы – риддерлік Азиядаға ШҚО-дан 28 спортшы аттанады, 10-ы – риддерлік
Фотосурет Риддер әкімдігінен

Ақ Азияда алауы тұтанатын күн жақын. Бұл жолы құрлықтың кіл мықтылары Қытайдың Харбин қаласында бас қосады. Шығыс Қазақстанның тумалары да ауқымды сайыста жүлде үшін талас жүргізіп көрмек.
14 жыл бұрын қысқы Азия ойындары Астана мен Алматы қалаларында өтіп, құрама спортшылары жалпыкомандалық есепте топ жарған болатын. 32 алтын, 21 күміс және 17 қола! Бұл нәтижемен жалпы есепте, жеке дара көш бастады. Тіпті, мәнерлеп сырғанау мен шорт-тректе бәрінен қара үзіп, фристайлда ең жоғары ұпайлар жинайтын Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония елдерін шаң қаптырды. Көп адам ел спортшылары биыл сол нәтижені қайталай ала ма деген сұраққа жауап іздеп жатыр. Әлбетте, бәрін жарыс көрсетеді. 
Қазақстан спортшыларының топ жарғанына тілекшіміз әрине, дегенмен шығысқазақстандық атлеттердің жолына ерекше тақым қысамыз. Риддер қалалық спорт бөлімі ақпаратынша, бұл жақтан қыз-жігіттер тау шаңғысы, биатлон, шаңғы бойынша көпшілік сенімін арқалаған. Нақты айтсақ:
Алексей Кулаков – 2007 жылы Риддерде туған. Тау шаңғы спортымен 4 жасынан айналысып келеді. Алғашқы бапкері – Алексей Шарапов. 2020 жылы республикалық мамандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат колледжіне түсті. Осы уақытқа дейін жастар арасындағы ел чемпионаттарында 9 алтын, 8 күміс және 4 қола медаль иеленді.
Дәл осы тау шаңғы спортынан Захар Кучин мен Данил Сысоев те жүлде алады деген спортшылардың бірі.
Биатлоннан тәжірибелі Елизавета Белецкая мен Ольга Полторанина сөреге тізіледі.
Риддер тумасы Ангелина Шурыга, одан бөлек, жоғарыда жазылған мектеп-интернат колледжінің тәрбиеленушісі Камила Елғазинова шаңғы жарысынан сынға түседі. Ерлерден Кирилл Бауэр, Ілияс Исабек және Ернар Нұрсбековке де мықты қарсыластар жетерлік.
Қысқы Азия ойындары ақпан айының 7-13 аралығында өтеді. 
Әділхан ЕСІМХАНОВ 
 

Көп оқылды: