Мәзір
24 қаңтар, 2025 / JariaLike / Экономика

Атырауда Қытай инвесторының қаржысына қант зауыты салынуы мүмкін

Енді жаңа зауыт үшін жер телімі мәселесін шешу қарастырылады
 

Атырауда Қытай инвесторының қаржысына қант зауыты салынуы мүмкін Атырауда Қытай инвесторының қаржысына қант зауыты салынуы мүмкін
Фотосурет Ult.kz сайтынан

Аталған дерекпен Inbusiness.kz сайты бөлісті. Сонда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қанттың 90 пайызы өзге елден импортталатынын алға тартқан.
Осы себептен, «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС-нің қант шығаратын зауыт салу жобасына қолдау білдірді.
– Бұл – біздің тиімді жобамыз. Атырау облысының жері қызылша өсіруге қолайлы. Ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдаланып, ішкі нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз етуге болады. Аграрлық секторды жандандыруға серпін береді. Егер қант зауыты салынса, инфрақұрылыммен қамтуға дайынбыз, – дейді Серік Шәпкенов.
Ал компания басшысы Лина Тайкеннің айтуынша, мұнайлы өңір тұрғындарының қантқа сұранысы зерттелген. Мұнайлы өңірде қант зауытын салу үшін жер телімі қажет.
– Атырау облысында жылына 144 мың тонна қант шығаратын зауыт салу жобасын ұсынып отырмыз. Бұл жоба Атыраудың ғана емес, өзге өңірлердің де қантқа сұранысын өтеуге жол ашады. Осы орайда қызылшадан ашытқы өндіретін қытайлық жетекші компаниямен тәжірибе алмасып, технологиясын жан-жақты зерттедік. Қытай компаниясы біздің жобаны қолдап, қажетті қаржының 80 пайызын инвестициялауды көздеп отыр. Жобаны Атырау облысында жүзеге асыруға 1,5 жыл мерзім керек. Егер ресми құжаттар уақтылы дайындалса, 2026 жылдың жазында зауытты іске қосамыз. Сол кезде қызылшадан қанттан өзге төрт түрлі өнім шығарамыз, – деді Лина Тайкен.
Әкімнің айтуынша, жаңа зауыт үшін жер телімі мәселесін шешу қарастырылады. Сондай-ақ, үш жақты меморандумға қол қою үшін тиісті құжаттар дайындалады.
 

Көп оқылды: