Аталған мекеме басшысы Жанболат Сәбиевтің сөзінше, жағдайды қиындап тұрған – қаңғыбас емес, қараусыз жүрген иттер. Бұл үшін жергілікті полиция өкілі айыппұл қарастырылғанын алға тартты. Қала әкімі Думан Рахметқалиев келтірілген статистиканы тыңдай отырып, хаттамалар апта сайын толытырылып тұруы тиістігін жеткізді. Ал ветеринария бөліміндегілер біреу-міреуді қауып алу жағдайлары тіркелсе, дереу ит құтыру ауруынан аман ба, жоқ па екендігі тексерілетігдігін алға тартты.
Жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тыныбаев осыған қатысты жоспарын қала әкіміне ұсынды. Ішкі істер басқармасымен бекіткен көрінеді. Оның сөзінше, учаскелік полициямен апта сайын бірлескен жұмыс атқарылады. Думан Рахметқалиев мұны да оң нәтижеге жету үшін мардымсыз жұмыс екенін айтты.
– Бұған қатысты ветеринария бөлімінің, учаскелік полиция өкілдерінің, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысына көңілім толмайды, – деді әкім.
«Риддер Вет» КММ басшысы Жанболат Сәбиев осыған дейін ит аулауға барғандарында бірнеше мәрте қашып кеткендерін айтты. Кей жағдайда тұрғындар «менің итім емес» деп айтып, жаңылдыратын көрінеді. Думан Рахметқалиев мұндайда барлығын шетінен аулап, алып кеткен дұрыс екендігін жеткізді.
– Сонда иттердің қожайындары өздері келеді әрі көп нәрсе айқындала түседі. Осы кезде учаскелік полицияны шақырып, қолма-қол айыппұл салуға мүмкіндік туады. Біріншіден, сіздер өздеріңіз бастама танытып отырған жоқсыздар. Ит аулауға себеп бар. Екіншіден, көшеде алаңсыз жүрген иттердің не тұмылдырығы, не қарғыбауы жоқ болса, онда заңға қайшы ешнәрсе көріп отырған жоқпыз. Кейде волонтерлер шуласып жатады. Ойда-жоқта балаларды қауып алса, өйтіп әуреге түсу еш жақсылыққа әкелмейді, – деді қала басшысы.
Думан Рахметқалиевтің ойынша, қызметтік пәтер тауып бергеннен тақырып түйіні тарқамайды. Одан да риддерліктер арасынан көмегі тиер адам қарап, қолда бар мүмкіндікпен жүйелі жұмыс атқару керек. Осы ретте қала басшысының орынбасары Болат Акужановқа иттерді ұстайтын қосымша тұрақтар ұйымдастыруға, вольерлер санын көбейтуді тапсырды. Орманшылармен де бірлесе әрекет ету орынды екенін алға тартса, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына жағдайды реттеу бойынша жоспар әзірлеуге бір апта уақыт берді. Тұмылдырығы мен қарғыбауы болсын-болмасын, көшеде қараусыз жүрсе, бірден аулау керектігін міндеттеді.
Қала әкімінің айтуынша, жағдайды реттеудің бірден-бір әдісі сол, вольерлер санын ұлғайту керек. Себебі, қаршадай қыздан, ересектердің өзін қауып жатқанда, сылбырлық таныту қисынсыз. Аздан соң «Риддер Вет» КММ басшысынан жылына қанша ит ауланатынын сұрадық.
– Қазір итті атсаң, айыппұл арқалайсың немесе сотталасың. Атпасаң көбейіп барады. Мәселен, біз алып келіп, оларды зарарсыздандырамыз. Сосын табиғи ортаға қайта жібереміз. Одан ит азаймайды. Бізде уақытша ұстайтын жер бар, бірақ олар арнайы паналайтын тұрақ жоқ. Осы жағы шешілсе, ит іздеп келген біреу-міреуге беріп жіберу де тиімді әдіс. Былтыр ұзын-саны 330 ит ауладық. Бірақ соның өзінде азая қоймады. Негізінен көбі қараусыз иттер. Бір үйде үш ит ұстаса, біреуін байлап, екеуін бос қоя береді, – деді алпыстан асқан Жанболат Сәбиев.
Әділхан Есімханов