Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында “Оқылым” жобасы театрсүйер жұртшылықтың үлкен қызығушылығын туғызып, өз жұмысын бастап кетті. Бұл жоба театрдың "Әдеби және ғылыми-қор" бөлімінің басшысы, театртанушы, өнертану магистрі, ҚР "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Мирас Әбілдің жетекшілігімен және әдебиет бөлімімен бірлескен жұмыс нәтижесінде жүзеге асуда. Жоба аясында жаңа пьесалар мен шығармашылық туындылар алғашқы рет сахнаға шығарылып, көрермендермен таныстырылатын болады.
Жоба екі кезеңнен өтті. Бірінші кезеңде пьесалар әр пьесаға таңдалған жетекшілермен бірге оқылып, талқыланды. Екінші кезеңде театр мамандары мен студенттерге көрсетілімдер ұйымдастырылды. Ал енді, қаңтар айында бұл шығармалар көрерменге жол тартып, сахнада өз көрінісін табады.
Бірінші пьеса – 2023 жылғы «Алтын тобылғы» байқауында «Жылдың үздік драматургиясы» аталымында жеңімпаз болған Қыдырбаев Ілиястың «Шындық пен жалған» пьесасы. Бұл пьесаның жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Қапаев. Бұл шығарманы таңдауымыздың бір себебі – байқаулардан орын алған пьесалардың неге театрларда қойылмайтынын зерттеу мақсатында жасалып отыр. Театрдың шығармашылық дамуына жаңа серпін беру үшін осындай шығармаларды сахнаға шығарудың маңызы зор.
Екінші пьеса – Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» атты шығармасы. Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған бұл пьеса автордың Алаш арысын терең зерттеген еңбегінің нәтижесі. Спектакль атауы бірнеше рет өзгеріске ұшыраған: алғашқыда «Әлдиле, өлім, әлдиле» деп аталған пьеса кейін «Әлдиле, өмір, әлдиле» болып өзгертілген. Ақырында, «Жүз жылдық махаббат» деген атаумен сахнаға шығып отыр. Бұл пьесаның жетекшісі – Жәнібек Мұсаев. Бұл шығарма көрермендерге Мағжан Жұмабаевтың рухани әлеміне терең бойлауға мүмкіндік береді.
Үшінші пьеса – «Ақ халатты алаяқтар». Бұл пьесаның авторы — жапон театрының абсурд жанрының негізін қалаушы Минору Бэцуяку. Оның шығармашылығында 120-дан астам театрлық туынды бар. Бэцуяку кейде «жапондық Беккет» деп аталады, себебі оның шығармалары жапон әдебиетіне үлкен әсерін тигізіп, Танидзаки, Мисима, Судзуки сияқты әйгілі жазушылардың шығармашылығына ықпал етті. Пьесаның жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаев.
Төртінші пьеса – «Күзгі соната». Пьесаның авторы — Ингмар Бергман, әлемге әйгілі швед режиссері әрі драматургы. Бергман кино саласындағы шедеврлерімен танымал болғанымен, театрмен де белсенді айналысқан. Ол үш жыл бойы Гетеборг қаласының Қалалық театрында тұрақты режиссер болып жұмыс істеп, театр мұрасы ретінде 170-ке жуық қойылым мен пьеса қалдырды. Бұл шығармалар әлі де әлемнің түрлі театр сахналарында қойылып келеді. «Күзгі соната» пьесасының жетекшісі — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкина.
Бесінші туынды – «Лифт». Бұл швед жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Пер Лагерквистің шығармасы. Лагерквист — әлемге әйгілі жазушы, оның шығармашылығы адамзаттың терең философиялық сұрақтарын қозғайды. «Лифт» — пьеса емес, проза туындысы. Оқылым жобасының ерекшелігі тек пьесалармен шектелмей, прозалық шығармаларды да қамтиды. Бұл оқылым жобасы әдебиетке деген жаңа көзқарас пен шығармашылық бағытты ұсынады. «Лифт» туындысының орыс тілінен аударған — Нұрлан Қабдай. Пьесаның жетекшісі — Айнұр Жетпісбаева.
Алтыншы пьеса – Нартай Сауданбекұлының «Аманат» пьесасы. Автор әрі жетекші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткеріНартай Сауданбекұлы бұл шығармасында қазақтың ұлы тұлғасы Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен күрес жолын терең зерттеп, оның қазақ мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі жолындағы күресін сахна тілімен толғайды. Пьеса Әлихан Бөкейхановтың Алаш Орда үкіметін басқарған кезеңін, ұлттың ұлттық сана-сезімін оятудағы рөлін ашады. Бұл шығарма арқылы Бөкейхановтың тарихтағы орны мен оның қазақ халқы алдындағы аманаты терең зерттеліп, көрерменге ұсынылады.
Жетінші пьеса — Морис Метерлинктің «Соқырлар» туындысы. Морис Метерлинк — бельгиялық драматург, символизмнің көрнекті өкілі. Оның «Соқырлар» пьесасы адамның өмірдегі мәні мен мағынасы туралы философиялық ойлармен терең ойлануға мәжбүр етеді. Пьесаның негізгі тақырыбы — адамдардың өздерінің және айналасындағы әлемнің шынайы табиғатын тану жолындағы ізденістерін суреттеу. Бұл қойылым көрермендерді өмірдің құндылықтары мен оны түсінудің тереңдігі туралы ойлануға шақырады.Жетекші Қасымхан Бұғыбай пьесаның сахналануына жетекшілік етіп, оның терең философиялық мазмұнын көрермендерге жеткізуге бар күшін салды.
“Оқылым” жобасы театрдың шығармашылық әлеуетін арттырып, жаңа туындыларды зерттеу және дамыту үшін маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта пьесалар театр репертуарында орын алып, көрермендердің назарын аударады деп үміттенеміз.
Гүлстан Тоқаева