"Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылындағы аурухана мүшкіл жағдайда" деп хабарлайды "Jarialike.kz" "Қазақпарат" ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындарын толғандырып отырған негізгі мәселе – тозып бара жатқан аурухананың жағдайы. Кезінде халқы 10 мыңнан асып жығылатын елді мекенде бүгінде 4 мыңға жуық қана адам қалған. Бұның бір себебі – дертіне шипа іздеген жұрт басқа жаққа сабылып жүр.
Ауыл тұрғыны Еркін Оралұлы Тұғылдағы жар дегенде жалғыз медициналық мекеменің мүшкіл жағдайын айтып берді.
— Бұл бұқараның үнемі көтеріп келе жатқан мәселесі. Алайда әлі күнге дейін шешімін таппады. Аурухананың материалдық-техникалық базасы төмен деңгейде, штаттағы қызметкерлер саны да қысқарған, — дейді ол.
Тұғыл Өскеменнен 400 шақырымдай жерде орын тепкен балықшылар ауылы. Ондағы аурухана Кеңес өкіметі ыдырамай тұрып салынған. Кезінде жұқпалы аурулар бөлімі болған.
— Сонда балаларды жеке, әйелдерді жеке қарайтын. Перзентхана жұмыс істеп тұрды, шұғыл оталар да жасалатын. Бірақ тоқырау жылдарында барлығы жабылды. Қазір екі мектеп, өрт сөндіру бөлімі бар. Сегіз балық өндіретін шағын цех, ауылдық клуб пен екі балабақша жұмыс істеп тұр. Ауылдың тіршілігі әлі тұраламады. Етектен тартып тұрғаны — талайдан бері күрделі жөндеу көрмеген аурухана. Сырттай қарағанда келбеті келіскен секілді. Себебі бастапқыда сапалы салынған. Бірақ 50 жыл болды іші тозып тұр. Төбеден су аққан кездері болды, ескі жиһаздары жаңартылмаған, — дейді ауыл тұрғыны Нәзипа Кешубаева.
Оның айтуынша, Қазақстан КСРО-дан бөлініп, тәуелсіздік алғалы Тарбағатайда сегіз әкім ауысты. Сол әкімдердің талайы берген уәде сол күйі орындалмай келеді.
Тұғылдықтардың мәселесіне қатысты ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова жауап берді.
— Аурухана 1979 жылы салынып, 1981 жылы қолданысқа берілген. 2014 жылы ағымдағы жөндеуден өткізілді. Кезінде Тұғыл ауылында халық саны көп болды. Соған сәйкес, штаттағы қызметкерлері саны да бекітілген. Қазір адам саны азайып қалғандықтан қысқарту болды. Десе де заңдағы норматив бойынша ауруханаға 1 жалпы тәжірибелік дәрігер жетіспей тұр. Бұл мәселе шешімін табуға жақын. Жуық арада ауылға 1 дәрігер келеді, — дейді ол.
2017 жылы дәрігерлік амбулатория бөлмелерінің есіктері, терезелері мен жылу қазандықтары жаңадан ауыстырылыпты. Соңғы бес жылда аудандық ауруханада екі бас дәрігер ауысқан.
Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң күрделі жөндеуге қаржы бөлу үшін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына облыстық мәслихат сессиясына шығару үшін құжаттар жолданбақ. Алайда ақша бөлініп, Тұғыл халқын толғандырған мәселе шешіле ме, әзірге белгісіз.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемен халқы № 1 қалалық аурухана ғимаратының тозып тұрғанына шағымданған болатын.