Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде ер адам әйелге шабуыл жасаған. Оқиға видеоға түсіп қалған. Жігіттің әрекеті желі қолданушыларының ашуын тудырды.
Оқиға 6 қарашада сағат 23:30 шамасында Алматының тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Ол бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда кіреберісте тұрған ер адамның сырттан кірген қыздың артынан еріп, күтпеген жерден шабуыл жасағанын көруге болады. Ол қызды құлатып, баспалдақтан төмен қарай сыртқы есіке дейін жармасып барады.
Шабуыл кезінде қыз барынша ер адамның қолынан сытылып шығуға тырысады және соңында қашып құтылады.
Алматының құқық қорғау органдары оқиға дерегін растап, тергеуді бастады. Полиция департаменті шабуыл жасаған адамның ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады.
«Бұл факт бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары сотқа жіберіледі», - делінген хабарламада.