«Қорғансыздың күні» алғаш рет 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының №3–4 сандарында «Арғын» деген бүркеншік атпен жарияланды. Бір жылдан кейін, 1922 жылы Орынборда жеке кітап болып басылып шықты. Бұл – Мұхтар Әуезовтің баспа бетін көрген алғашқы көркем шығармасы.
Шығармадағы оқиға ойдан шығарылмаған. Әуезовтің музейінің мәліметінше, әңгіменің сюжетіне өмірде болған нақты оқиға арқау болған. Жазушы болған жердің тарихи атауларын да өзгертпеген. Сондықтан шығарма тек көркем әдебиет емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік құжаты іспетті қабылданады.
Әңгіменің басты кейіпкері Ғазиза – әкесінен айырылған жас қыз. Ол соқыр анасы мен қарт әжесін бағып отырған жалғыз жан. Осы дәрменсіздікті пайдаланып, болыс Ақан мен оның серігі Қалтай қызға зорлық көрсетеді. Қорлыққа шыдамаған Ғазиза түн ішінде әкесінің қабіріне барып, боранда үсіп қайтыс болады. Бұл қазақ әдебиетіндегі әйел тағдырын ең ауыр әрі реалистік сипатта бейнелеген алғашқы туындылардың бірі саналады.
Зерттеушілердің айтуынша, шығармадағы Ақан болыстың прототипі де болған. Кейбір әдеби зерттеулерде оның өмірдегі нақты тұлға – Біләл Кәкітайұлынан алынғаны айтылады. Бұл дерек шығарманың өмір шындығына қаншалықты жақын жазылғанын көрсетеді.
Жазушы Сәбит Мұқанов «Қорғансыздың күні» туралы: «Осы әңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы еуропалық прозаның дәрежесіне көтерілді» деп бағалаған. Бұл пікір шығарма жарық көргеннен кейін-ақ Әуезовтің қазақ әдебиетіне жаңа көркемдік деңгей алып келгенін аңғартады.
Бүгінде «Қорғансыздың күні» мектеп бағдарламасына енген шығарма ғана емес. Ол – қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік реализмнің, психологизмнің және әйел тағдырын көркем бейнелеудің бастауында тұрған классикалық туынды. Оның көтерген мәселелері – биліктің озбырлығы, әділетсіздік пен қорғансыз адамның тағдыры – ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ.