Мәзір
Бүгін, 18:22 / JariaLike / Күн-Жария

Олжас Бектенов Үкімет басында отыра беретін болды

Дауыс беруге 144 депутат қатысты

Олжас Бектенов Үкімет басында отыра беретін болды Олжас Бектенов Үкімет басында отыра беретін болды
Ақорда баспасөз қызметі

Олжас Бектенов Қазақстан премьер-министрі қызметіне қайта тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды JARIALIKE.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

 

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасының премьер-министрі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Олжас Бектеновтің кандидатурасын Құрылтайдың қарауына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар Бектеновті премьер-министр лауазымына тағайындауға келісім берді.

Дауыс беруге 144 депутат қатысты. Бектеновтің кандидатурасын 137 депутат қолдады, жетеуі қалыс қалды. Ешкім қарсы дауыс берген жоқ.

Олжас Бектеновтің өмірбаяны

Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (қазіргі Maqsut Narikbayev University) үздік тәмамдаған. Еңбек жолын Алматы қалалық Әділет басқармасында бастап, кейін Премьер-министр кеңсесіне ауысты.

2006–2009 жылдары Президент Әкімшілігінде, 2009–2012 жылдары Әділет министрлігінде жұмыс істеген. 2012–2014 жылдары Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратының департаментін басқарды.

2015 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін Астана қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасын басқарды. 2015–2016 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы, сондай-ақ Президент Әкімшілігі Басшысы хатшылығының меңгерушісі болған.

2016–2017 жылдары Бектенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментін басқарған. 2017–2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

2018 жылдың маусымында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2019 жылдың маусымынан 2022 жылдың ақпанына дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бірінші орынбасары болды, ал 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарды.

2023 жылғы 3 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Бектенов Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2024 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысы Олжас Бектеновті премьер-министр етіп тағайындады.

Көп оқылды: