Дәстүрлі қазақ қоғамында «Қазақ қазаққа құл болмайды» деген қағида болған. Бұл — қазақтың әлеуметтік құрылымы мен құқықтық нормаларындағы негізгі принциптердің бірі.
«Қазақ қазаққа құл ма?» — соңғы уақытта әлеуметтік желіде де, күнделікті әңгімеде де жиі көтерілетін ауыр сауалдардың бірі. Бұл сұрақты біреулер ашумен айтса, енді біреулер қоғамдағы жағдайға қарап күйініп айтады.
«Жеті жарғы» нормасы: Қазақ хандығы тұсындағы әдет-ғұрып құқығында («Жеті жарғы») қазақты қазаққа құл немесе күң етуге тыйым салынған.
Шын мәнінде, мәселе құлдықта емес. Мәселе — адамның адамға деген көзқарасында. Бір-бірімізді қолдаудың орнына сынауға, түсінудің орнына кінәлауға бейім болып бара жатқандаймыз. Кейде өзге адам бағалаған дүниені өзіміз кеш қабылдаймыз. Өзгенің жетістігіне қуану емес, салыстыру көбейіп кеткендей әсер береді.
Бірақ қазақтың болмысы бұдан бөлек еді ғой. «Асар» жасаған халық едік. Қиындықта жалғыз қалдырмаған ел едік. Бір адамның қайғысын бүкіл ауыл болып көтерген заман өтті. Ал қазір рухани алыстап бара жатқандаймыз.
Қазақ қазаққа құл болмауы керек. Қазақ қазаққа тірек болуы керек.