Бүгін қазақ киносының көрнекті өкілі, режиссер Данияр Саламат 55 жасқа толды. Ол 1970 жылы дүниеге келген. 1998 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын кинодраматургия мамандығы бойынша тәмамдаған.
Данияр Саламат – қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған режиссер әрі сценарист. Оның қаламынан туған және өзі түсірген «Жөшә» (2005), «Әкем екеуміз» (2008), «Бәйтерек» (2009), «Кішкентай» (2011), «Сағынтайдың бірінші әйелі» (2015) фильмдері көрерменге жол тартты.
Ол «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің, Еуразия халықаралық кинофестивалінің лауреаты, сондай-ақ Германияның Котбус қаласында өткен Шығыс Еуропа фильмдері кинофестивалінің арнайы жүлдесінің иегері.
Режиссердің Бейімбет Майлин әңгімелері негізінде түсірілген «Талақ» фильмі халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жетті. Бұл туынды «А» класындағы беделді Шанхай халықаралық кинофестивалінде Франция, Аргентина, Испания, Германия, Иран және Қытай елдерінен іріктелген 14 фильмнің арасынан үздік шығып, Алтын кубок иегері атанды. Сонымен қатар фильмде басты рөлді сомдаған Амира Омарова «Үздік әйел образын сомдағаны үшін» жүлдесіне ие болды.
Jarialike.kz ұжымы Данияр Саламатты туған күнімен құттықтай отырып, оған шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа биіктер тілейді.