АТА - ТЕГІМ МЕН ӨСКЕН ОРТАМ
Әкем Қалибек Райымбекұлы Хәкімнің Салихлы қаласының орталық мазарыңдағы қабір басында құлпытасында ата – тегіміз былай түсіндірілген: Түрік – Қазақ – Орта Жүз – Байлау – Керей – Жәнтекей – Сүйінбай – Сәмбет – Есентай – Барқы – Беренбай – Каташ – Шот – Қожақ – Райымбек – Қалибек Райымбекұлы Хәкім.
Қалибек Райымбекұлы Хәкім Түркияда және батыс елдерінде ALIBEG HAKIM – Qalibek Hakim деп танылады. Газет журналдарда шыққан мақалаларда, басылған кітаптарда солай жазылған.
Әкемнің құлпытасында, сондай-ақ менің еңбектерімде ерекше көрсетілгендей, біз — Шығыс Түркістан қазақтарымыз. Яғни байырғы ұлы Түркістан өлкесіндегі түрік тектес, түрік тілдес туысқан халықтардың біртұтас атамекені үлкен Түркі елінің шығыс бөлігі. Қазір Қытай Халық Республикасы құрамындағы, 1860 жылы Теңіз келісімінен басталып, 1881 жылы Петербургта жасалып, 1884 жылы Шәуешек қаласында келісілген, тарихи әдебиетте “Шәуешек келісімі” деп аталған орыс – қытай бөлінуісінен бері “Шыңжаң – Шинжаң және өкпе” делініп аталып келе жатқан өңірдің тұрғынымыз. Тарихшылардың, әсіресе, сол Шығыс Түркістан қазақтарының шыққан тарихшылардың анықтауынша, ҚХР құрамында Шығыс Түркістанның Алтай, Тарбағатай, Іле – Құлжа, Тәңіртауы (Тяньшань) өңірі ежелден бері қазақ халқының атақонысы болғаны даусыз.
Біздің бабаларымыз алғашында Алтай жақты мекендеп, кейін 1870 жылдар шамасында Тарбағатайға қоныс аударған. Арғы аталарымыздағы (төртінші атамыз) Хаташтың Ертіс өзені бойында өмір сүрген кезінде істеген кей істері “шарапаты кісі екен” делініп аңызға айналғандығынан, қариялар әлі де “үлкендер айтуынша еді” деп әңгіме қылатын ел аузындағы деректерден сақталған.
Ал, атамыз Райымбек пен әкем Қалибек (Alibeg Hakim) Тарбағатай тауының Майлы Жайыр, Барлық өңірлерінде дүниеге келген. Әкем Қалибек Райымбекұлының құлпытасында жазылғандай, біз Орта Жүздің Абақ Керейінің Жәнтекей, Барқы Бегенбай руынан тараймыз. Шешем Ханима (Нанима) Орта Жүздің Найманының Мурын руынан. Шешем Айнабұлақ, әкемнің әкесі Райымбектің қарындасы. Сол үшін де шешем Ханиманы ауылдың үлкендері (шешенің қайнағалары) “жиен” деп еркелеткен. Шешем де сол еркелігін кейде қайнағаларының атын тергемей тура айтатын-ды. Шешемнің әкесінің аты Смағұл. “Мұрат Смағұл” деп танылған, Тарбағатайдың тұрғыны. Әкем мен шешемнің біз Түркияға келіп ес жиған ортамызда айтылуына қарағанда, мен 1933 жылы “Дүнген төңкерісі” кезінде жайлауға шығып бара жатқанда, Майлы Жайырда дүниеге келіппін (шет елдерден алған құжаттарда туған жылым 1930 деп көрсетілген). Біз бір шешеден сегіз тудық.
Дүнген төңкерісі Шығыс Түркістан жөніндегі тарихи әдебиетте “Құмыл төңкерісі” деп те аталады. Отызыншы жылдары соңғы айларда қытай биле бастаған дүнген төңкерісі, немесе құмыл көтерілісі 1933 жылы шарықтау шегіне жеткен. Оның шығуына және қанат жайып ауқымды болуына Барқөл-Құмыл қазақтары үлкен үлес қосты.
Бірақ, кезінде “Жас Түркістан” журналында келтірілгендей, Қожанияз қажының қателіктері және Мәскеудің сұмдықтары мен тікелей араласуы Шығыс Түркістанның ол ұлт-азаттық күресінің де сәтсіз аяқталуына жеткізді.
Дүнген төңкерісі немесе Құмыл көтерілісі жайында, менің “Еркіндік жолында Шығыс Түркістан қазақ түріктері” деген кітабымның 1976 жылы Ыстанбулда жарық көрген II басылымында баяндалған. Ол жөнінде уйғыр Иса Юсуф Алптекин де еңбектерінде өз көзқарасына сай тоқталған.
Ал сол кезде және кейін де Қытайда аталған болған Бұрхан Шахиди, “Шыңжанда өткен елу жыл” деген 1984-те жарияланған, кейін қазақшаға да аударылған естеліктерінде кей нақтылы мәліметтер келтірген. Мәселен, қазақ басылымының 446 бетінде “…Қызыл армия түгел өтті. Совет жақты барлаушылардың саны бізді толық есепке алып жүрді. Ал біз оның тегі қанша әскер екенін біле алмадық… Тағы бір бетте: “…Қызыл армия бірінші айдың орта шенінде Бақты Тарбағатай сырт жағынан оңтүстікке қарай шегінді…” деген. Міне, бұл 1930 жылдардағы Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күрестің Мәскеудің қандай сұмдықтарымен жүргізілгенінің көптеген дәлелінің бірі саналады.