Қырда отырған ауыл кешкісін өрістен мал келерде кәрі-жас түгел дүрлігіп, сүріне-қабына сыртқа шығар еді-ау! Өрістен қайтқан малдың алдында ботасы ауылда қалған жас інген жер түбінен боздап, сиырлар мөңіреп, қойлар маңырап, ауыл үсті әп-сәтте азан-қазан болар еді де, үй болған үйден қарына шелек ілген әйелдер шығар еді; тұлымы желкілдеген кіп-кішкентай Ақбала да анасына қолғабыс беріп, өздеріне қараған аз ғана саулықтың қозыларын көгендеп, аяғы-аяғына тимей зырлап жүргені. Сонан қашан сауын мал сауылып болғанша бұған да тыным жоқ, тек сонан бір кезде көз байланып, ымырт үйіріліп ап-сап болғанда ғана ошақта от жанып, үй-іші кешкі аста бас қосып, дастархан басына жиналар еді; ол өмірдің несін айтасың?! Ірге түрулі. Есік түсірілген. Түндік ық беттен жартылай ашылған. Үй іші асқа отырғанда сыртта көген басында жатқан қойлар мекіренеді. Оқта-текте түйе пысқырады. Көшпелі өмірдің бұ да кішкентай бала кезден қанға сіңген қимас бір қызығы еді ғой! Кім білсін, соны ойлай ма, Ақбала қазір тіпті көңілсіз. Бір жолы жылап отырған үстінен шықты. «Төркін жұрттан жайсыз хабар есітті ме?». Зәресі ұшқан Еламан: «Не болды? Жайшылық па?» — деп еді, Ақбала ләм демей, сырт айнала бере жасын сүртті. Қипақтап қасынан кетпей тұрған бұған көз қиығын салмастан сыртқа шығып кетті. Сонан бері бұнда маза жоқ. Күн ұзын теңізде боп, сонан кеш түскесін, бірде ерте, бірде кеш үйге келгенде табалдырықтан аттай бере сырт киімін шешпестен бұрын Ақбаланың ажарына қарайды. Үндемесе де, ішінен азып жүр. Қандай да жанын жеген дерт... Оны бұның өзі де біледі: қыр мен ойдағы елге паш болған Ақбала мен бай ауылдың жас мырзасы екеуінің арасындағы әлі де үзіле алмай жүрген махаббатты білсе де, бұл бірақ тілінің ұшына алмады.
Ақбаланы аяды. Сүйеу қартты сыйлады. Айтқанынан қайтпайтын қиқар шал дегенін істеп, қызын балықшы жігітке қосты. Тағдырдың кесігі солай болып, шарасыздық басқа түскесін, амал қайсы, Ақбала лажсыз көнген еді.
Ой қажытты ма, кешке қарай Еламан өз денесін өзі әрең қозғады. Баттиып іскен саусақтар икемсіз. Кешкі қатқыл жел іштен шыққан демін ақшудалап ыққа қарай әкетіп тұр.
Кешкі ымырт тез тұтасып, төңірек тұнжырай бастады. Еламан ертең болмаса, ауды бүгін басқа жерге аударып салуға үлгіре алмасын білді. Шынында да, бүл кезде батып бара жатқан күн алыстағы жалдың біріне иегін сүйеп, еңкейіп қалған еді. Құбыла бет тұтас қызарып, жел жыртып дода-додасы шыққан бұлт батар күннің шапағына бауырын бояп алаулап апты. «Апыр-ай...» — деп Еламан құбыла беттен көзін алмай, ұзақ қарады. «Апыр-ай, ә?!. Не қылса да, кең әлемді құшағына алып тұтасып келе жатқан мына түн қараңғылығына жол бермей, жанталасып шарпысып жатқан жер бетіндегі жалғыз тірлік осы-ау! Ендеше, өмір мен өлім сияқты қараңғы мен жарық та бірін-бірі кезек жеңіп, тірлік үшін бұлар да тартысып жата ма, қалай? Сонда, бәтір-ау, әр тірлікке төнер бір-бір зауал болғаны ма? Ана қарашы, кезегі келгенде күн басына да зауал төніп, қара кебінге оранып, бар әлем тіл тартпай, түн құшағына кіріп бара жатқандай...»
Еламан күрсінді де, балық салған қапты көтеріп иығына салды. Бүгін күні бойы әйелін ойлап, мазасы болмады. Үйге жеткенше асығып, бет жағын кірбік қар шалған мұзды тайғанақтап басып келеді. Ауыр етіктің астына түскен қиыршық қар қышыр-қышыр. Ойында Ақбала. Теңізге шығар алдында отын-суын ішке кіргізіп беріп кетсе де, алды түн болғасын күні жуықтап қалған жас келіншек жалғызсырап қалды ма деп қорқа береді. Өзі жоқта жалғызсырап, елегізіп қалғандай көреді. Осы күні Ақбала қатты кіржисе де, зәресі қалмайды. Бойына біткен балаға, не өзіне зақым бола ма деп, сәт сайын жүрегіне суық үрей шабады. Өзі түзде жүргенде тұңғыш құрсақ көтерген тұмса келіншектің қасында бас-көз боп отыратын естияр біреудің болмағанына қынжылады.
Еламан үйінің алдына тоқтаған салт атты біреуді көрді. «Кім екен?» — деп ойлап, салт аттыдан көзін алмады. Бұл өңірдің балықшылары — бір тайпа ел. Жұмыртқасын жалаңаш құзға салған тау қыранындай, жел-құздың өтіне қоныс тепкен. Жапырайған жерқазбаларын ұлы теңізге төніп тұрған биік жардың басына мінбелете салғандықтан, әдетте, мұз үстінде жүрген кісінің көзі балықшылар аулына мол жететін-ді.
Еламан көріп келеді. Жолаушы хабарлас қылды, білем, әне, іштен ақ көйлекті әйел шықты. Ат тізгінін ұстады. Құрметпен күтіп алғанына қарап, мынау кім де болса, сыйлы адам. Кім болды екен? Әлде?.. Әлде Сүйеу қарт па? Иә, сол! Сол болды. Қайтсін пақыр, баласын көргенше шыдамай, уәделі күннен бұрын келген ғой. Еламан екі көзін қонақтан айырмады. Ақбала жолаушыны алып ішке кірді. Іле-шала шолақ мұржадан түтін бұрқ етті. Асыққанда жар басына қиялап шығатын жолды қашықсынып, үйінің дәл өкпе тұсына келді де, тік жарға төтелеп салды. Бір қолымен арқалаған балықты ұстап, екінші қолымен қарсы баурайға біткен алабұта, кендір жусан, қырбың қызыл түзгенге жармасып, мысықша тырмысып өрлеп келеді. Қадірлі қонағына соятын малы болмаса да, ажарлы балыққа дөп келгеніне қуанып, жар басына асығып алқынып шығып еді, осы арада... қаңтарулы тұрған бәйге күреңге көзі түсті. Аң қуғаны көрініп тұр. Еті қызып апты. Бір орында тақат тауып тұрмай, сулығын шайнап шиыршық атып тұр екен. Жаны қапелімде аяғының басына кеткен Еламан жар кемерде сілейіп тұрып қап еді. Әлдеқайдан жүгіріп келген сары қаншық бұның үстіндегі балық иісі шыққан киімді иіскеді. Сосын мұп-мұздай тұмсығымен қолын жалағанда сұлық тұрған жігіт бойын жиып ала қойды...