Жаңартылған тізімге сәйкес, Жәнібекке қатысты жүріп жатқан тексеру процесіне қарамастан, ұйым оның чемпиондық мәртебесін өзгерткен жоқ. Ал рейтингтің алғашқы үш сатысында Ұлыбританиялық Дензел Бентли, венесуэлалық Эндри Сааведра және кубалық Йоэнлис Эрнандес орналасқан.
Бұған дейін танымал спорт менеджері Камил Гаджиев бұл істің соңы қазақстандық боксшының барлық атағынан айырылуына әкелуі мүмкін екенін айтқан еді. Алайда қазіргі таңда Жәнібек Әлімханұлы Халықаралық бокс федерациясы (IBF) нұсқасы бойынша да чемпиондық белдігін сақтап отыр.
Еске сала кетейік, 6 желтоқсанға жоспарланған үш чемпиондық белдік үшін жекпе-жек қарсаңында Жәнібек Әлімханұлының атына қатысты даулы жағдай туындаған. WBO оның сынамасынан тыйым салынған зат анықталғанын хабарлап, арнайы тексеру басталғанын мәлімдеді. 19 қаңтарда іс бойынша кезекті тыңдау өтті.
Қазіргі уақытта қазақстандық боксшы тексеру толық аяқталғанға дейін жекпе-жектерге қатысудан уақытша шеттетілген, алайда оның чемпиондық атақтары әзірге өз күшінде қалып отыр.