Қызылорданың сол жағалауында 11 мың орындық жаңа стадион есігін айқара ашты, - деп хабарлайды Jarialike.kz.
Ел спорты үшін маңызды бұл оқиға футболдан Қазақстан Кубогының финалдық матчымен тұспа-тұс келіп, өңір тұрғындары мен қонақтарына ерекше мереке сыйлады.
Салтанатты шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, қоғам қайраткерлері мен мыңдаған жанкүйер қатысты. Жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтаған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл күнді Сыр өңірі үшін тарихи сәт деп атады.
«Бүгін - Қазақстанның спорт тарихындағы айтулы күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадионымыздың ашылуы футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Бұл - сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш! Баршаңызды жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламызда жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдірген Мемлекет басшымызға, Үкіметке барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Финалдық ойынды өткізуге бастамашы болып, ұйымдастырған Қазақстан футбол федерациясына зор ризашылығымызды жеткіземіз. Бүгінгі ойынға жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін! Қазақстан футболының даңқы арта берсін!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров та жаңа аренаның ел футболы үшін маңызын атап өтті.
«Құрметті қызылордалықтар және футбол жанкүйерлері! Сіздерді жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи арена. Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Сыр елінде өтіп отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас ойындар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жолдың бастауы болсын!» – деді федерация басшысы Марат Талғатұлы.
Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайтын спорттық кешен УЕФА-ның 4-санатына сай салынған. Жасанды төсенішпен жабдықталған алаң, заманауи жарық және дыбыс жүйелері халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға толық мүмкіндік береді.
Кешен құрамында футбол алаңынан бөлек, олимпиадалық стандарттарға сай бокс, күрес, фитнес, гимнастика және ауыр атлетика залдары бар. Сонымен қатар, келушілерге арналған дәмханалар мен дүкендер де қарастырылған.
Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары мен футболшыларға арналған дайындық бөлмелері орналасқан. Екінші қабатта әкімшілік кеңселер, ал үшінші қабатта кең форматтағы жиындарға арналған мәжіліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін де толық жағдай жасалған.
Жаңа стадион ел спортының дамуына қосылған сүбелі үлес. Қызылорда халқы бұл игі бастамаға дән риза, жаңа нысаннан үлкен үміт күтуде.