Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында жарыссөз өтті.
Сотталушы, кәмелетке толмаған Думан Ысқақ соңғы сөзін айтты.
Мен адвокатым айтқан сөздермен толық келісемін. Мен нақты қылмыс жасалғанын 4 қазан сағат 11-12-лер шамасында білдім. Құрметті сот, мені ақтауыңызды сұраймын. Барлығы әділ болуын сұраймын, — деді ол.
Оның сөзін сотталушы Шыңғыс Белғожаев жалғастырды. Ол Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен жауапкершілікке тартуды сұрады.
Мен сол жерге барып, болған жағдайға араласып, ұрып-соғып, төбелесте болғаным үшін жәбірленушілерден кешірім сұраймын. Болған оқиғаға қатты өкінемін. Құрметті сот, біз ешқандай қылмыстық топ емеспіз. Қасақана төбелесеміз деген ойымыз да, ниетіміз де болған жоқ. Мұндай оқиға болатынын білгенде, бізді мылтықпен дайындалып күтіп отырғанын білгенде, бармақ түгілі, мүлдем жоламайтын едім. Құрметті сот, Нұрымов Қаржаубай «Шыңғыс мені пышақпен қуалап, киімімді жыртты» деп өтірік айтып, жалған сөйлеген болатын. Ондай жағдай болған жоқ және мен бәкінің сабымен ұрған жоқпын. Қалған іс-әрекеттерімнің барлығын мойындаймын. Бірінші күннен бастап мойындап келемін. «Ер-жігіт көрмеймін деген жерін үш көреді, жақсы ат баспаймын деген жерін үш басады» дейді. Сол секілді біздің оқиға ойламаған жерде болды. Біз депутаттың, әкімнің, прокурордың, соттың балалары емеспіз. Қарапайым отбасынан шыққан адамдармыз. Бізге тағылған айып секілді Нұрымов Қаржаубай мырзаға ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен жауапкершілікке тартуыңызды сұраймын, — деді ол.
Сонымен қатар Шыңғыс Белғожаев жәбірленуші тараптың материалдық өтем туралы азаматтық талабын қанағаттандырмауды сұрады.
Азаматтық талап бойынша есептеп қарасақ 660 млн шығып тұр. Мұндай мөлшердегі соманы осы жердегі 9 адам болып өмір бойы Қазақстанда жұмыс істесек те, таба алмаймыз. Сондықтан бұл өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймын, — деді ол.
Одан кейін сотталушы Нұрқияс Ілиясов сөз алды. Ол өз ісіне өкінетінін айтты.
Оқиға болған жерге барғаныма қатты өкінемін. Ол оқиғада Шерзат марқұм мені ұрды, екіншіден ағасы бізге атты. Мен сөйлесу мақсатында барғанмын. Үшінші рет оқтап жатқан кезде нақты бізге атады деген оймен мылтығын алып, ұрдым. Солай істегеніме өкініп отырмын. Бәрінен кешірім сұраймын. Құрметті сот, сізден сұрайтыным — әділ жаза, — деді ол.
Сотталушы Дидар Қалиахмет те өзінің соңы сөзінде соттан әділ шешім шығаруды өтінді.
Мен Шерзаттың әкесінен және анасынан кешірім сұраймын. Оның себебі — полиция қызметкерлеріне қоңырау шалмағаным үшін және арашаламағаным үшін. Екіншіден, анамнан, әкемнен, жұбайымнан, бала-шағамнан кешірім сұраймын. 8 ай бойы ол кісілерге халықтың жаман сөздерінен кешірім сұраймын. Құрметті сот, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын. Мен мұнда ешкіммен төбелескен жоқпын. Төбелескен дәлелдеріңіз болса, дәлелдеңіздер. Сіздер дәлелдеген жоқсыздар, — деді ол.
Сонымен қатар Шерзаттың өліміне басты күдікті жарыссөзде соңғы сөзін айтты. Оған бұзақылық, адам өлтіру, қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу айыбы тағылып отыр.
Алдыңғы жауабымда айтып өткендей Шерзат Полатты мен өлтірген жоқпын. Оны өлтірген болсам, алдыңғы жауабымда-ақ мойындайтын едім. Мен істеген іс-әрекетімнен қашатын жігіт емеспін. Ақиқатты айттым, жауабымды неге өзгерткенімді айттым. Мен жазадан қорықпаймын, маған тиісті жаза беруіңізді сұраймын, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын. ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабымен жаза тағайындауыңызды сұраймын. Барша қазақ елінен кешірім сұрағым келеді. «Байдың баласы, әкесі әкім» деп жерден алып, жерге салып жатыр. Ешқандай да аға-көкем жоқ. Ешқандай әкем жоқ, жалғыз ғана анам бар. Анаммен ғана тұрам. Ешқандай қылмыстық топ емес. Мен де олай болады деп ойлаған жоқпын. Шерзатты өлтірген мен емес. Нақты дәлелім жоқ, сол үшін кім істегенін айта алмаймын, — деді Абзал Шынасыл.