Танымал блогер Дариға Нұркеева (Daricorn) жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Jarialike.kz.
Полициядан мәлім еткендей, интернет-кеңістігін талдау барысында, белгілі блогер-қыздың жол қозғалысы ережесін демонстративті және өрескел бұзғаны – сигнал бермей, кенеттен қозғалыс жолағын ауыстырып, апаттық жағдай тудырған видео анықталған.
Тергеу қорытындысы бойынша құқық бұзушы ҚР ӘҚбК-нің 595-бабы 1-бөлігі (сигнал беру талаптарын орындамау) және ҚР ӘҚбК-нің 606-бабы 1-бөлігі (апаттық жағдай туғызу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция мұндай әрекеттер жай ғана жауапсыздық емес, ол басқалардың өмірі мен денсаулығына қасақана қауіп төндіру екенін, ал мұның бәрі интернеттегі лайк пен қаралым үшін жасалатынын айтты.
Танымалдылық деңгейі, жазылушылардың саны жауапкершіліктен босатпайды. Заң - бәріне бірдей. Жазаның бұлтартпау принципі бәріне қолданылады.
Алматы полициясы ескертеді: заңбұзушылық бар әрбір бейнеден кейін - реакция болады. "Бәріне рұқсат" тақырыбында хайп жасау әрекеттері қатаң құқықтық бағаға ие болады, - делінген хабарламада.