Kazinform ақпаратынша, Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында кәріз суы ағып жатқанын облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі растады. Дәл қазір облыстық экология департаментінің мамандары оқиға орнында тексеру жүргізуді бастады.
– Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында шойын тұрбадан кәріз суы ағып жатыр. Бұл – «Атырау облысы Су Арнасы» КММ-нің кәріздік-сорап стансасына баратын құбыры. Қазір мекеме мамандары ақаудың салдарын анықтап, жою жұмысына кірісті, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған орай Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі түсінік берді.
– Зауыттың экологтары мен экология департаментінің мамандары оқиға орнына дереу барып, тиісті тексеру жүргізді. Нәтижесінде қара түсті сұйықтықтың кәріз жүйесінен ағып жатқаны анықталды. Бұл ақау АМӨЗ-дің аумағында емес. Зауыттың өндірістік жүйелеріне қатысы жоқ. Кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік процестер тұрақты жүріп жатыр, - деп мәлім етті зауыттың баспасөз қызметінен.
Ал «Атырау облысы Су Арнасы» КММ-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, құбырдан шыққан ағынды суды сору басталған.
– Ақаудың алдын ала себебі кәріз желісінің бұзылуынан болуы мүмкін. Оның нақты себебі тексеруден соң белгілі болады, - деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі.