Мәзір
7 ақпан, 2025 / JariaLike / Руханият

Мұхтар Мағауиннің атына көше беру ұсынылды

Қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл ұсыныстың ресми деңгейде қарастырылатыны әзірге белгісіз.
 

Мұхтар Мағауиннің атына көше беру ұсынылды Мұхтар Мағауиннің атына көше беру ұсынылды
Фотосурет adyrna.kz сайтынан

«Адырна» ұлттық порталы әлеуметтік желілерде Розыбакиев көшесін Мұхтар Мағауин даңғылы деп атау бастамасы қолдау тауып жатқанын хабарлады.
Желі қолданушысы Бота Дн Алматыдағы Розыбакиев көшесін Мұхтар Мағауин даңғылы етіп өзгерту туралы ұсыныс жасады. Ол қаладағы орталық көшелердің бірін ғана лайықты деп санайтынын жеткізді.
– Мұхтар Мағауиннің аты шағын, шетте орналасқан көшеге емес, үлкен орталық даңғылдардың біріне берілуі керек. Мысалы, Розыбакиев көшесін Мұхтар Мағауин даңғылы деп атауға болады, – деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол Розыбакиевтің тарихи маңызына күмән келтіріп, оның тек кеңес билігінің орнауына атсалысқанын атап өтті.
– Бұл адам кім болған? Қысқаша өмірбаянында оның Жетісуда кеңес өкіметін орнату үшін күрескені және әскери-революциялық комитеттің мүшесі болғаны ғана көрсетілген, – деді ол.
Желі қолданушысы Алматыда Мұхтар Мағауин атындағы орталық ашуды да ұсынды.
Қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл ұсыныстың ресми деңгейде қарастырылатыны әзірге белгісіз.
Ұзындығы шамамен 7 километрді құрайтын Розыбакиев көшесі 1940 жылдары Алматы қаласының шекарасы Есентай (бұрынғы Весновка)  және Қарасу өзендері арасына кеңейген кезде пайда болды. Сол кезде бұл аудан шағын жер үйлер мен бау-бақшалардан тұратын кварталдарға бөлінді. Көше бастапқыда «17-линия» деп аталған.
1970-1980 жылдары қаланың бас жоспарына сәйкес бір-екі қабатты үйлер сүріліп, олардың орнына бес және тоғыз қабатты жаңа тұрғын үйлер салынды.
1962 жылы көше атауы өзгертіліп, оған кеңестік партия қайраткері Абдулла Розыбакиевтің есімі берілді.
Еске сала кетейік, Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, публицист, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин ұаңтардың 9-ы күні АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде өмірден өтті.  Жазушы Мэриленд штатындағы Парк Лаун мемориалдық зиратына жерленді.
Мұхтар Мағауиннің Силвер-Спринг қаласындағы үйі алдағы үш жылда қазақ мәдениеті мен тарихын шет елде насихаттайтын рухани орталыққа айналады. Бұл туралы жазушының ұлы Едіге Мағауин жазушының туған күніне орай 2 ақпанда  ұйымдастырылған жиында мәлімдеді.
Жаңа орталықтың мақсаты – Мұхтар Мағауиннің мұрасын дәріптеу. Бұл жер болашақта қазақтардың бас қосатын, тамырын танитын және болашағын меңзейтін мәдени-ағарту орталығы ретінде қызмет етуі тиіс. Орталықта қазақ тілі курстары мен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылмақ.
Орталықта жазушының жазбалары, күнделіктері және жеке кітапханасында сақталған мұрағаттары жұртшылыққа қолжетімді болады.

Көп оқылды: