Мәзір
5 ақпан, 2025 / JariaLike / Аймақ

ШҚО әкімі өзіне хат жолдаған оқушымен кездесті

Қызының әкімге хат жазамын деген бастамасын анасы бірден қолдады.

ШҚО әкімі өзіне хат жолдаған оқушымен кездесті ШҚО әкімі өзіне хат жолдаған оқушымен кездесті
Фотосурет ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен

Аймақ басшысы Ермек Көшербаев облыс орталығындағы №24 мектепке барып, 3-сынып оқушысы Айзере Шыңғысқызымен және мектеп ұжымымен жүздесті. Облыс әкімі баспасөз қызметі ақпаратынша, Айзере әкіммен кездесу үшін хат жазған екен. Анасы оның бұл бастамасын бірден қолдады. Бірақ қызына облыс басшысының жұмысы тығыз және хатқа жауап алмауы мүмкін екенін айтқан.
 – Анам: «Әкім хатқа жауап жазбаса, көңіліңді түсірме, оның жұмысы көп» деді. Бірақ бүгін әкім мектебімізге өзі келді, қала басшысымен де таныстым. Ол кісінің менімен әңгімелесуге уақыт бөлгені үшін өте қуаныштымын және ризамын. Ол өте әділ әрі ақылды адам екен, – дейді Айзере.
«Өңір басшысы болу оңай ма?» деген сұраққа Ермек Көшербаев әр маман өз ісінде маңызды миссия атқаратынын айтты.
 – Жұмысшы жоқ болса басшы не істер еді? Зауытта – инженер, мектепте – мұғалім, ауруханада – медбике. Барлығы – өз саласының тәжірибелі мамандары. Олар қоғамның дамуына үлес қосуда, – деді облыс әкімі.
Айзере Шыңғысқызы – оқу озаты ғана емес, киокушинкай каратэ мен спорттық-бал биінен өткен жарыстардың жеңімпазы, зияткерлік олимпиадалардың жүлдегері. Ол мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, қатарластарына үлгі боп жүр. 
Мектеп оқушылары әкімге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Сондай-ақ олар мектептің дамуы  туралы да тілге тиек етті. Балалар аймақ басшысына спорт залдарын жөндеп, жаңа  спорт алаңдарын салу жөнінде өтініштерін білдірді.
Айта кетейік, №24 мектеп – қаладағы ең үлкен білім ордаларының бірі. Ол 800 оқушыға есептелген болса, қазір мұнда 1500-ге жуық бала екі ауысымда оқып жатыр. 60 сыныпта 111 мұғалім білім береді. Сондай-ақ үш жылдан бері білім мен әскери-патриоттық тәрбиеге негізделген кадет сыныптары жұмыс істейді.

Көп оқылды: