Жонында барыс жортқан Аршаты ауылы – Алтайдың қиыр қуысында. Одан әрі ауыл жоқ. Арайлап атқан күннің шапағы да әуелі осынау елді мекенге түседі. Демек ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан қазақтың жері Аршатыдан басталады. Түнеугүні таутекенің тұяқ тықыры құлақ түбінен естілетін жұмақ мекенге жолымыз аяқ асты түсті. Әйтпесе, қақаған қыста неміз бар? Тау-тасты, әсіресе жаздың жайма шуағында аралауға ынтықпыз ғой. Сарша тамызға дейін топырлап жататын туристер де мынау аязда Алтайға аяқ баспайды. Табиғаттың қыс іші ақ күмістеніп құлпырып тұратынын білсе, көк тайғақ, ақ боранға қарамас та еді.
Берелге бұрылмастан, қазаны оттан түспейтін, айрандай ұйыған Аршатыға тура тарттық. Күре жолдан он төрт-ақ шақырым қашықтағы ауыл. Асфальты жоқ демесе, жолы тәп-тәуір. Жүйіткіп келеміз. Қос қапталымыз қармен көмкерілген жасыл шырша, жалт-жұлт еткен аппақ қайың. Сапарға аяқасты шыққандағы түпкі ойымыз, фототұзаққа топырлатып барыс түсіріп жүрген Катонқарағай мемлекеттік ұлттық парк қызметкерлерімен қауқылдасып қайту еді. Топырлатып деп отырғаным, өткен аптада ғана Бүркіт шыңының сілемінде қар қабыланы қылаң берсе, күні кеше Аршатының Сарыбетінде тұзаққа тағы ілбіс ілінген. Фотосандықтың түсіруі оңай да, оны тау басындағы тағылардың жымына құру – әуренің әуресі. Десе де, Таутеке жайлайтын шапшыма шыңдарға орманшылар аппараттарын арқалап апарып, құрады. Одан кейін оны үнемі тексеріп отырады. Жады картасын әр ашқан сайын қарт Алтайдың бүккен сырын ашқысы келеді.
Бұқтырманың оң аңғарына өттік те, Аршаты ауылының ортаңғы көшесінен шыға келдік. Ортаңғы деймін, бұл ауылда жалғыз-ақ көше. 62 түтін қалған. Халық саны – үш жүзге жетер-жетпес. Мектебіндегі бала да жылдан-жылға азайып, 41-ге түсіпті. Қиыр қуыста жатқан соң да шығар, бұл жақ кәсіпкерлікке қолайсыздау. Жаздың күні ғана бие байлап, нәпақа айыратындар бар. Ауылдағы тұрақты жұмыс – мектеп пен Ұлттық паркте ғана. Туризм дейтіндей, Аршатыға ара-тұра ғана демалушы келеді. Ертегідегідей сұлу көріністі көрсе, білсе, бәлкім көптің аңсары ауар.
Ағындатып келіп, орманшылықтың алдына тоқтадық. Бара жатқандығымызды Катонқарағай ұлттық паркінің басшылығына, жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымовқа күні бұрын айтқанбыз. Мақсатымызды да айқындағанбыз: ауылдың тыныс-тіршілігімен таныссақ, барыс баққан батырлардың әңгімелерін түртіп алсақ деп... Жиналыстың үстінен түстік. 85 мың 967 гектар алқапты алып жатқан Аршаты орманшылығын қызғыштай қорып жүрген инспекторлар басшылық тапсырмасын құп алып, тарқасып жатыр екен. Біз орманшы Жомарт Аманбаевтың бастауымен бір сағаттық жердегі фототұзақты бақылап қайтуға бекіндік. Сыртта сауыры қырауланған аттар дайын тұр еді. Шу-шулеп, күншығысты маңдайға алдық. Ауылдың анау басына шыға бере торы дөнен тізгіндеген ақсақалмен жапа-тармағай амандасып жатырмыз. Топтағы инспекторлардың бірі осы кісі төтесінен Қытайға, Қанасқа барып келген деп қалды. Бұл күнде іргедегі елге төте жолды білетіндер ілеу де біреу шығар. Қызылдардың қылышы жалаңдап тұрған уақытта ғой, ауыл-ауыл қопарыла тау тасалап, Алтай асқан.
– Қай жылы барып едіңіз? – деп қияқ мұртын ақ шалған ақсақалмен үзеңгі қағыстыра қатарластым.
– 2001 жылы Ұлттық паркке жұмысқа кірсем, 2010 жылы болуы керек, атпен бардық Қытай жаққа. Заставаның командиріне жол бастап барғам. Тағы бес-алты сарбаз ілесті. Әне, анау маңдайдағы тауды айнала жол бар. Содан астық. Ол жолды ертеде әкем көрсеткен, – деді де, асығыстау желе жөнелді.
Тау бөктеріне құрылған фотоаппаратқа қарай сыңар соқпақ жатыр. Зеңгір көкке қадала өскен шыршаларға шалқалай қарап қызықтап келеміз. Меңіреу орманның кей-кей тұстарына күн сәулесін шашып тұр. Иә, бұл ауылда да қыста күн қысқа. Жазда ғой, түн ауа таң сыз береді. Әр-әр жерден жорта басқан түлкі мен қорқа қашқан қоянның іздерін байқадық. Ұлттық парк құрылып, аң аулауға тыйым салынғалы мұндай іздер көбейген. Әсіресе қорсылдаған қабанның тұқымы көбейіп барады.
– Қабанның бір пайдасы болса, мың зияны бар, – деп дауыстады артына қайырыла берген орманшы. – Бұлар тұмсығымен жер қопарып, шашылған ағаш тұқымдарының тамырлануына сеп болады. Орман қоры молаяды. Бірақ құстардың жұмыртқасын, еліктің лағын қорек қылады. Соның кесірінен құстар азайып бара жатыр ма деймін. Өздері тез көбейеді. Мына жыныстың іші толған қабан, – деді Жомарт Аманбаев аты бұлаққа бас қоя бергенде.
Мөлдіреп, тау бұлағы ағып жатыр. Жануар бетіне қатқан қабыршық мұзды тұмсығымен түрте жарып, су ішті. Тізгінді тарта тепсініп едік, ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, еріншектене жылжыды.
– Ит-құсың да маза бермей тұр, – деп жалғады әңгімесін орманшы Аманбаев. – Қасқыр атуға рұқсат берілгенімен, лимит Катон жаққа жетпей қалыпты. Күнде бір малды тартып кетіп жатыр.
– Тартып кетсе, бұл да қасқырдың туған жері, өзінің аумағы, – деп әзіл араластыра сөйледі жануарларды қорғау бөлімінің басшысы Ерік Қасымов.
Әзіл де емес. Алтайдың аң-құсын қорғау тікелей міндеттері. Қасқыр түгілі қарсақ аулауға болмайды деп мемлекет бекітіп берді ме, олар қорғайды. Тау ішінде аяңдап келе жатып, ауылдағы аңкөс ағайынның «Адам да табиғаттың бір бөлігі. Адам да жыртқыш» деген сөзі еске түсті. Айтпағы, жыртқыш аңдар адами факторсыз реттелмейді дегені. Сондықтан қасқыр, қабан, аю секілді азулы аңды белгілі мөлшерде аулауға рұқсат беру керек шығар. Бағана орманшылардың конторынан шығып бара жатып, күздегі санаққа көз жүгіртіп едім, жиырмадан астам түрлі аңды есепке алыпты. Қоралы, Сарыбет шатқалдарынан қар барысының жетеуі бар көрінеді. Олардың негізгі қорегі – таутеке 700 басқа таяу. Күдір жүзден асады. Ең көбі елік екен: 311 бас орманшылық аумағында жүр.
Қарағайлы, қайыңды орманды аралай келіп, фототұзақ құрылған алаңға жетіп, ат байладық. Құрылғының қарсы алдында түз тұяқтыларына арналған науа қойылған. Оған орманшылар жем-шөбін салып, қайың бүрлерін байлаған. Анда-санда тұз себеді.
– Осыдан екі жыл бұрын аю зерттейтін мамандар келген. Қоралы шатқалында шатыр тігіп, неше күн жатты. Сондағы таңғалғандары, бір ғана маңнан бес аю көріпті. Біреуі қос қонжығымен жүрсе, екеуі сәл өр жағынан қорбаңдаған. Аюдың топтасып жүретіні өте сирек кездеседі, – дейді Жомарт Аманбаев.
Көзге түсе бермейтін барысты да алғаш фотосуретке түсіріп, Алтайдың шыңдарында мекендейтінін дәлелдеген осы азаматтар. Әу баста инспекторлар қар барысын кәдімгі қол фотоаппаратына тартқан. Сурет сапасыз болғанымен, табиғат жанашырлары үшін бұл үлкен жаңалық еді. Көненің көзін көргендерден естігенім, ертеде Аршатының аңшылары қақпанға түскен ілбісті атқа өңгеріп, ауылға да алып келген. Одан бері қай заман? Қазір барыс Қазақстанның Қызыл кітабында, қорықшылардың қорғауында. Әңгіме барыстың тақырыбына ойысқанда бәріміз Аршаты аумағын бес саусағындай білетін инспектор Манарбек Омаровтың әңгімесіне ұйыдық.
– Мен баламын ол кезде. Шақабай жайлауы. Біреу қойға барыс шапты деп айқай салды. Өре түрегелдік. Қой Оралбай жұрттың бас жағындағы алаңда жүрген. Барыс беттің ортасымен шағылға қарай кетіп қалды. Көзден ғайып болғанша қарап тұрдық. Екінші көргенім, бертін. Әскерден келген соң аңшыларға жол бастап барып, жақыннан кездестірдім. Қарны жер сызып жүре алмайды. Текеге тойып алған. Тағы бірде тік шағылда таутекені көтеріп әкетіп бара жатқаны көзге түсті. Кейін жоғалып кетті. Әмбесінде аңдыған да жоқпыз. 2014 жылы ғой, фототұзаққа түсіріп, барыстың барын әлемге әйгіледік. Ой қуанғанымызды-ай. Экраннан суретін көріп, билеп жүрміз. Бәлем бар ғой, мынау Сарыбет деген жерге кие қонған. Тауешкілер көктемде ауып, күзде қайта келеді. Барыс ізінде жүреді. Жұмбақ құбылыс, – деп таңданады Манарбек Омаров.
Тауешкілердің Сарыбетті мекендейтіні, күнгей, көктемі ерте шығады. Әр-әр жері қора секілді тас қоршау. Ешкінің төлдеуіне өте қолайлы. Әй, бірақ табиғат қатал. Көкте қиқулап жүретін бүркіт ешкілердің төлдеген уақытын аңди ұшып, қозықаларын іле жөнеледі екен. Барыс болса, бағып жүріп, қартайған текеге ғана тіс батырады.
Етекке түскенде фототұзақтың жады картасын ала кеткен Жомарт Аманбаев, үйіне жете сала компьютерге салып тексерген. Біз де қызықтап, маңайына ұйыстық. Нар тәуекелге бел буатын ойынға кіріп кеткендей күйде болады екенсің. Көлбең етіп аң өтсе екен деп тілейсің. Қыбыр еткен тіршілік байқамасаң, қап деп, келесі файлды ашасың. Кезекті бейне. Бұта-қарағанды жапырып, қабан шошқа шықты. Қорс-қорс етіп, науаның маңайын тіміскіледі. Біреу емес, бірнешеу. Тап бұлай қаптаса, Алтайда құстан құс қалмайтын сияқты. Жем-шөп салынған бұл маңға анда-санда елік те түседі екен.
Айрандай ұйыған Аршаты. Біз білгенде, бұл ауылдың адамдары өте ұйымшыл. Тентегін тезге салатын үлкендері бар, үлкенді сыйлап тұратын жастары бар. Жастар дейміз, ауылдан жастардың кетіп жатқаны жасырын емес. Күні ертең тау-тасты жаяу кезіп, аяқтан тозып жүрген орманшылардың орнын басатын маман табылмай қалуы әбден мүмкін. Бара-бара жұмақ мекен жетім қалмаса игі. Туризм деп алашапқын болып жүргенімізбен, оны дамытудың жолы қайсы? Бір қуанарлығы, түкпірдегі бұл ауыл ауызсуға да, интернетке де қол жеткізген. Келесі жылы он төрт шақырымға асфальт төселуі мүмкін. Аршатыға жете берісте бұғы шаруашылығының да қолға алынып жатқанын естідік. Түтіні түзу ұшқан елдің еңсесі әманда биік болсын деп кешкісін кері қайтқанбыз.
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы,
Аршаты ауылы
"Егемен Қазақстан" газеті
30 қаңтар, 2025 жыл