Мәзір
29 қаңтар, 2025 / JariaLike / Аймақ

Жетісу облысында ер адамның 11 млн теңгесін ұрлап кетті

Зардап шегуші бірден Алакөл аудандық полиция бөліміне арызданған.

Жетісу облысында ер адамның 11 млн теңгесін ұрлап кетті Жетісу облысында ер адамның 11 млн теңгесін ұрлап кетті
Фотосурет Gov.kz сайтынан

Аталған ақпаратпен Inbusiness.kz сайты бөлісті. Белгілі болғандай, ер адам сауда аяқталған соң ақшаны пакетке салып, Mercedes автокөлігінің жүксалғышына қойған. Сол күні кешке танысымен кездесіп, мейрамханаға барып, уақытын сонда өткізеді. Мейрамханадан шыққан кезде, жүксалғышты ашып, ақшаны тексермек болады.
Осы сәтте бірнеше купюра жерге түсіп кетіп, жақын маңда тұрған жастардың назарын аудартқан. Олардың бірі: «Бұл ақша ма?» – деп сұрағанда, ер адам еш күмәнсіз «Иә» деп жауап берген. Сол кезде екінші жас жігіт такси таба алмай тұрғанын айтып, «Өркен» мейрамханасына дейін жеткізіп салуын өтінген. Ер адам жамандық ойламай, оларды көлігіне отырғызады.
Жолда көлік патрульдік полиция қызметкерлері жүргізіп жатқан рейд барысында тоқтатылады. Ер адам полицейлерге шығып, жолаушылардың бірі де көліктен түседі. Тексеру шамамен 10 минутқа созылған. Алайда көлікке қайта оралғанда, екінші жолаушының жоғалып кеткенін және жүксалғыштағы ақшасы бар пакеттің орнында жоқ екенін байқайды.
Зардап шегуші бірден Алакөл аудандық полиция бөліміне арызданған. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын ұйымдастырып, көп ұзамай күдіктіні қолға түсірді. Ол 24 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Көп оқылды: