Мәзір
22 қаңтар, 2025 / JariaLike / Экономика

Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі өңірлерінде әуежай құрылысы басталды

Бұл жобалардың іске асырылуы өңірлердегі экономиканың дамуына жаңа импульс береді.

Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі өңірлерінде әуежай құрылысы басталды Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі өңірлерінде әуежай құрылысы басталды
Фотосурет Halyq-uni.kz сайтынан

Ресми ақпаратты Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынды. Ондағы мәліметте Мемлекет басшысының «Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек» деген сөзі мысал етіліп, жұмыстың жай-жапсары туралы жазылды.
– Президент тапсырмасына сәйкес ішкі туризмді және жолаушылар әуе тасымалын дамыту мақсатында 2025 жылы Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды. Бұл жобалардың іске асырылуы өңірлердегі экономиканың дамуына жаңа импульс береді. Сондай-ақ отандық және шетелдік туристер ағынын арттыруға және аталған жобалар жергілікті тұрғындарды қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге септігін тигізеді, – делінген ақпаратта.
Мәліметте 2024 жылы ірі хабтарды дамыту мақсатында әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту аясында үш жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілгені де жазылды. Мәселен Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жолаушылар терминалының өткізу қабілеті ұлғайды.
Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалы – объектінің өткізу қабілеті жылына 2,5 млн-нан 14 млн. жолаушыға дейін ұлғайды. Отандық авиакомпаниялар Air Astana, SCAT, Qazaq Air, Fly Arystan Қазақстанның 19 қаласынатұрақты ұшуды орындайды. Халықаралық әуе қатынасын әлемнің 26 елінде 50 бағыт бойынша 30 шетелдік авиакомпания орындайды.
Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының - өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 млн. жолаушыға дейін. Жаңа терминал халықаралық әуе маршруттарының санын 10-ға, рейстерді аптасына 24-ке дейін арттырды. Джидда, Медина (КСА), Доха (Катар), Фукуок (Вьетнам) және Пхукетке (Тайланд) әуе қатынасы ашылды.
Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының - өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 2 млн. жолаушыға дейін өсті. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласынан 25 ішкі рейс орындалуда.
Соңғы жылдары әуе көлігі жолаушылар үшін ыңғайлы әрі тартымды болуда. Мысалы Қазақстанда жыл сайын әуе тасымалы 10-15% артуда. 2024 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 15 миллионға жуық адамды тасымалдады, әуежайлар 30 миллион жолаушыға, оның ішінде шетелдік авиакомпаниялар мен азаматтарға қызмет көрсетті. 2024 жылы жүк тасымалы көлемі – жылына 28 мың тоннаға ұлғайды.
Отандық компаниялардың ұшақтар паркі жыл сайын 10-15 ұшаққа толықтырылуда. Бүгінгі күні әуе кемелерінің саны – 102 ұшақ.

Көп оқылды: