Inbusiness.kz дерегінше, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көшет отырғызу бойынша жоспарды орындамаған өңірлерді атады.
– Мемлекет басшысының 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде 2021-2024 жылдары 1 145 млн дана көшет 736,8 мың гектарға, оның ішінде 2024 жылы 306 млн дана көшет 205,2 мың гектар алаңға отырғызылды. Бұл ретте 2024 жылы жоспарлы көрсеткіштер Ақтөбе және Атырау облыстарында орындалмады. Биылғы жоспар – 336,5 млн дана көшетті 494 мың гектар алаңда отырғызу, – деді Ерлан Нысанбаев.
Сөзінше, өткен жылы министрлік Қызылорда, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктерді анықтаған.
– Атап айтқанда, орман дақылдары шығымдылығының төмендігі, агротехникалық іс-шараларды сақтамау, өңірге бейімделмеген екпелерді пайдалану. Жалпы ғылыми негізделген жобалардың сақталмағаны байқалады. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін облыс әкімдіктеріне хаттар жолданды, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі.