Мәзір
15 қаңтар, 2025 / JariaLike / Күн-Жария

Анастасия Городко фристайлдан Универсиада чемпионы атанды

Өскемендік спортшы Италияның Турин қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиадада ел қоржынына алғашқы алтын медальды салды.
 

Анастасия Городко фристайлдан Универсиада чемпионы атанды Анастасия Городко фристайлдан Универсиада чемпионы атанды

Фристайл-могулдан бақ сынаған отандасымыз жуықта ғана Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында топ жарған болатын. Күні кеше берген сұхбатында тынығып, ауқымды аламан алдында күш-қуат жинап үлгергенін айтты.
Туринде Городко финалға бірінші орынмен шықты. Оның қарсыластары да жаһандық жарыстарда жүлде алып жүрген кіл мықтылар. Өскемендік спортшы орындаған күрделі элементтер төрешілер тарапынан 79.79 ұпайға ие болып, Универсиада алтынын әперді. Үздік үштік тізімі төмендегідей:
1. Анастасия Городко (Қазақстан) 79.79 ұпай
2. Нарука Накао (Жапония) 76.29
3. Ханна Вис (Германия) 75.04
Тағы бір отандасымыз, Зайсан ауданының тумасы Аяулым Әмренова 70.52 ұпаймен жарысты 5-ші орынмен аяқтады.
2018 жылы Пхенчханда өткен Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышеваның ізбасары саналатын Анастасия Городко әлемдік жарыстарда атой салу үшін дайындықты үзбейтінін жеткізді.
Нұрбек Асқаров (Фотосурет Olympic.kz сайтынан)

Көп оқылды: