Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов жақында 15 тәулікке қамалды. Оның қарындасы Бақыт Реимованы да «митингке үндеді» деген айыппен 15 тәулікке жапты. Сонымен қатар Реимованы сот Қазақстаннан аластау жөнінде шешім шығарған. Бүгін Бақыт Реимованың ұлы Мейірбек президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видео үндеу жолдады.
«Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Бақыт Реимованың баласымын. Сот менің анамды 15 тәулікке қамап, Қазақстаннан депортациялау жөнінде үкім шығарған болатын. Ол кісі менің жалғыз асыраушым. Өзім кәмілет жасқа толмағанмын. Мектепте 11-сыныпта оқимын. Анамнан басқа ешкімім жоқ. Сондықтан анамнан айырмауларыңызды өтінемін. Анамның Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ. Екеуіміз де қазақпыз. Елім үшін қызмет еткім келеді. Егер сот анамды ел аумағынан шығарар болса, бір-бірімізді бес жылға дейін көре алмайды. Бұл үкімді өз бақылауыңызға алуды сұраймын», - дейді Мейірбек.
Айта кетейік, бұған дейін адвокат Мейірман Шекеев Шерзат Болаттың әпкесін Қазақстаннан депортациялауға жол бермеуге тырысып жатқандарын айтқан еді.