Бастапқыда мәңгілік, шексіз, түнекке толы Хаос қана болған. Оның қойнауында дүниенің тіршілік бастауы жатты. Шексіз Хаостан бүкіл әлем мен мәңгілік құдайлар жаралды.
Хаостан Жер құдайы – Гея да пайда болды. Ол алып тұлғасымен кең көсіліп жатты, қуатты еді, өз қойнауындағы барша тіршілік пен өсімдікке өмір сыйлады.
Жердің астында, бізден шексіз әрі жарқыраған аспан қаншалықты алыс болса, сондай бір өлшеусіз тереңдікте түнекке тұнған Тартар дүниеге келді. Ол – мәңгілік қараңғылық жайлаған, үрейлі тұңғиық еді.
Тіршіліктің бастауы болған Хаостан бәрін жандандыратын құдіретті күш – Махаббат құдайы Эрос та дүниеге келді.
Осылайша әлем жарала бастады. Шексіз Хаостан мәңгілік Қараңғылық құдайы Эреб пен түнек құдайы Нюкта пайда болды.Ал Түн мен Қараңғылықтан мәңгілік Жарық — Эфир — және шаттыққа толы, нұрлы Күн — Гемера — дүниеге келді.