Дәл осы жерде нөсер жаңбыр құйып кеп кетсін. Ірі-ірі тамшыларын боратқан нөсердің күштілігі соншалық, мұндайды күтпеген Клод сасқанынан Греб жағалауы бойымен жүгіре жөнелді. Содан Луи — Филипп көпіріне жеткенде қатты ентігіп, өз-өзіне іштей ренжіп, азғантай кідіріс жасап алды да, одан әрі екі қолын сермелеп, ақырын аяңдап кете барды. Жол-жөнекей көше бойындағы газ шамдардың қалың нөсер астында өшіп қалып, айнала төңіректің көз түрткісіз қараңғылыққа батып бара жатқанын көріп келеді.
Сен-Луи аралының Бурбон жағалауына қарай бұрылғанда, Клод өз үйінің тұсына келгенін білді. Ұдайы жалтылдап жанған найзағай оттары Сена жағалауы бойындағы тұйық көшелерде түп-түзу тізбектелген ескі үйлерге түсіп, пердесі жабылмаған үлкен терезелерге шағылысып, ара-тұра түнек арасынан сыйсыз қас-беттер мен тас балкондарды, темір шарбақтар мен маңдайшаларға орнатылған мүсіндерді жарқыратып көрсетіп тұрды. Суретшінің шеберханасы осы маңдағы Фам–Сан — Тет көшесінің бұрышындағы көне Мартуа ғимараты кең шатырының астында болушы еді. Жағалауды әлі де бірде жарық, бірде түнек басып, аяқ астынан аспан күркірей жөнелгенде, ұйқыда жатқан көшелерді сілкіп-сілкіп алғанға ұқсайды.
Темірмен қапталған аласа күмбезді есіктің алдына келген Клодтың көзі кіреукеленіп, қабырғаны сипалап, қоңырауды іздей бастаған. Кенет ол қараңғы жерде әлдекімге соқтығысып қалып, қорыққанынан аяқ-қолы дірілдеп кетті. Нажағай қайта жарық түсіргенде, үсті-басы малшынған су әрі өзі қалшылдап тоңып тұрған, қара киімді, ұзын бойлы бейтаныс қызды көрді. Жоғарғы жақта тағы да құлақ тұндырарлық күннің күркірі естілді. Клодты ашу қысып:
— Сайтан алғыр! — деп сөгe бастады. — Осындайда кім көрінген аяғыңа оратылады... Әй, өзің кімсің? Қайдан жүрсің?
Клод түн құшағында тұмшаланған қыздың тұншыққан даусын естіді.
— Мырзам, жалынып сұраймын, есіркей көріңізші, — деп жыламсырап тұрды. — Бәріне әне бір арбакеш кінәлі... вокзалда жалдап мініп едім... Осы жерге келгенде мені боқтап — боқтап, түсіріп кетті.... Неверден шыққан пойызымыз рельстен тайып, біз мұнда төрт сағаттай кешігіп жеттік. Вокзалда мені күтіп тұрған ешкімді көрмедім. Ой, сұмдық-ай! Менің Парижде бірінші келуім... Қазір қайда келгенімді де білмеймін.
Көз қарықтырар нажағай жарқылы түскенде, қыздың бірден үні өшіп, айналасына үрейлі көзбен қарағыштай бастады. Ақшыл көк тұманға оранған бейтаныс қала қызға бұлыңғыр алып елестей көрінеді. Бұл кезде жаңбыр да толастаған еді. Сенаның арғы жағасында, Дез-Орм жағалауында шатырлары сатыланған, әр түрлі жарнамалар мен айқышталған кішкене сұр үйлер бой түзейді. Одан әріде көкжиек кеңейіп, жарықтана түсіпті, сол көкжиекті сол жағынан — ратуша мұнарасының көк шатыры, ал оң жағынан — әулие Павел шіркеуінің қорғасын түстес биік күмбезі тіреп тұрды. Сена өзенінің бұл арадағы арнасы өте кең екен, бейтаныс қыз Мария көпірінің алып астауынан асып өтіп жаңадан салынған Луи-Филипп көпірінің аспалы жеңіл доғасына қарай жөңкілген сұп-суық терең судың бетінен көзін ала алмайды. Өзен бетінде әлдеқандай иір-қиыр көлеңкелер шашылып жатты — ұйқылы-ояу қалқыған қайықтар, жағалауға келіп жайғасқан кіржуғыштар мен топырақ сүзгіштер. Одан арғы баста көмір тиелген бажылар, құрылыс тастары тиелген суреткерлер, осылардың бәрінің үстінен зәулім биік көтергіш кранның ұзын тұмсығы әуелеп тұрды. Нажағай жарқылы өшіп еді, осының бәрі лезде ғайып болды.
"Өтірік қой, — деп ойлады Клод. — Еркек іздеп көше кезіп жүрген жезөкше шығар.
Бұның өзі әуелден әйел затына сенбеуші еді, сондықтан мына қыздың айтқандарының бәрін — кешіккен пойызды, дөрекі арбакешті ойдан шығарылған өтірікке, ақымақшылыққа санады.
Клод енді даусын көтеріп:
— Сіз бәрібір бұл жерде қона алмайсыз ғой! — деді. Бұны естіген қыз өксіп — өксіп жылап жіберді де, сыбырлай сөйледі.
— Мырзам, ең құрмаса мені Пассиге жеткізіп салыңызшы, — деп жалына бастады. – Менің сол Пассиге баруым керек...
Клод иығын көтерді бұл қыз, немене, бұны таза ақымақ көре ме? Содан соң әдетте арбакештер тұратын Селестин жағалауы жаққа қарай қарап еді, ол жерде шамдарын жаққан бірде-бір күйме көзге түспеді.
— Пассиге дейсің бе, қарғашым? Ал неге Версаль емес?.. Ой, сайтан алғыр! Мынадай беймезгіл уақытта, ауа райының сиқы мынау, арбакешті қайдан іздеп таппақсың?