Ол кездерде одан өзге жоқ арман,
Бал күндер ғой жанарымнан жоғалған.
Бар ауылдың балалары бірігіп,
Кешке дейін кетпеуші едік көгалдан.
Кешке дейін кете алмайсың көгалдан,
Кете қалсаң көкке ұшады көп арман,
Келмей қалсаң бір сағатқа кешігіп,
Малыңды іздеп сенделесің жоғалған,
Мал дегенің шын мал емес, топайлар,
(Сол топаймен шіркін туса сәт ойнар)
Сол ауылға, сол көгалға барсам деп,
Сәби жүрек әлі күнге атойлар.
Сұрғылт шықтар қияқтарға қататын.
Сол ауылдың таңы қалай ататын,
Таңмен бірге көгал жаққа жарысып,
Төрт бес бала зытып бара жататын.
Кіріседі шөп шабуға біреуі,
Кіріседі мал бағуға біреуі,
Трактор деп жіпке байлап темірді,
Енді бірі шөп тасумен жүреді.
Бәрі еңбекқор, бәрі неткен жан-жақты,
Әр қияққа бір-бір қоныс орнапты.
Ауыл дейтін олар осы көгалды,
Қала дейтін тиіп тұрған тау жақты.
Несі қызық ойын еді соншалық,
Қора салдық, қияқтарды қоршадық.
Тракторшы тізіліп ап қаз қатар,
Кетуші едік қала жаққа жол салып,
Жол сап жүріп, қалды артымда қырқалар,
Көгалды бір басып өтті ұлпа қар.
Көгалдан тыс өмір дейтін қоғамға,
Қайдан ғана келді жайсыз бір хабар.
Сол хабардан, біз ғой бала хабарсыз,
Таңмен бірге тағы оянсам алаңсыз.
Көшкен жұрттай көгал жатыр теп тегіс,
Қол қусырып қалдым үнсіз, амалсыз.
Босап жатты көз алдымда бақ мекен,
Бақ мекеннің есігін кім жапты екен.
"Темір алу" дейтін сол бір сауданы,
Сол жылдары кімдер ойлап тапты екен.
Темір беріп, тиын қылып аламыз,
Деп саудаға көшті талай балаңыз.
Мен ойнаған бар темірді қалаға,
Өткізбек боп жатыр екен ағамыз.
Қора жаққа жиып қойған жасырын,
Көзіме ыстық менің "темір ғасырым"
Сол бір түні, қора жақтан тынымсыз,
Көгал жаққа темірлерді тасыдым.
Сындырғандай сол түн менің сағымды,
Сөндіргендей сол түн менің шамымды.
Қалай ғана сатпақшысың ағажан,
Темір емес, менің бала шағымды.
Тасығанмен амал бар ма, оралман
Қайта айналып келмейді екен жоғалған,
Жеңіс аға, қала жаққа кетті алып,
Бар темірді жиып жүріп көгалдан.
Өтті уақыт, өтті жауын, құйын да,
Айтшы ағатай "Өмір" деген қиын ба?
Өмір деген егер қиын болмаса,
"Көгалымды" сатар ма едің тиынға!