Мәзір
9 маусым, 2026 / JariaLike / Күн-Жария

Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа араласпайтынын айтты

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта Amanat партиясының мүшесі емес және партия қызметіне қатысы жоқ. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Азаттыққа берген түсініктемесінде мәлімдеді, деп хабарлайды Jarialike.kz.

Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа араласпайтынын айтты Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа араласпайтынын айтты
Фото: qumash.kz
Үкібайдың айтуынша, Назарбаев 2019 жылы президенттік өкілетін тоқтатқаннан кейін саяси қызметтен де шеттеген. «Нұрсұлтан Әбішұлының партияға қандай қатысы бар? Ол кісі 2019 жылы өкілетін тоқтатты», – деді баспасөз хатшысы. Сондай-ақ ол экс-президенттің бүгінде саясатпен айналыспайтынын және Amanat партиясының мүшесі еместігін нақтылады. Оның соңғы кездері партия төңірегінде болып жатқан қазіргі өзгерістерге де қатысы жоғын растады. Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы мемлекет басшысы қызметінен кеткенімен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі мен сол кездегі «Нұр Отан» партиясының төрағасы лауазымдарын сақтап келді. 2022 жылғы 28 қаңтарда партияның атауы Amanat болып өзгертіліп, төрағалық қызмет президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен болатын. Кейін Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекет басшысының саяси партия мүшесі болуына тыйым салынды. Осыдан кейін Тоқаев та партия төрағалығынан бас тартты. Назарбаевтың 1999 жылғы сайлауалды штабының негізінде құрылған саяси ұйым алғашында «Отан» партиясы деп аталды. Кейін бірнеше саяси күшпен бірігіп, 2006 жылы «Нұр Отан» атауын алды. Ал 2007 жылдан бастап партияны Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басқарды. Ол бұл қызметті 2022 жылға дейін атқарып келді. Айта кетейік, 6 маусымда Amanat партиясының саяси кеңесі шұғыл отырыс өткізіп, «Әділет» партиясымен ықтимал бірігу мәселесін талқылады. Саяси кеңес мүшесі Ерлан Саировтың сөзінше, кеңес мүшелерінің басым бөлігі президентті қолдайтын электораттың бөлшектенуіне жол бермеу қажет деген ұстанымды білдірген.
Көп оқылды: