Астанада өтіп жатқан дзюдодан әлемдік рейтингтік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. 81 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Жалғас Қайролла финалдық белдесуде Молдова өкілі Петру Пеливанды жеңіп, турнир чемпионы атанды.22 жастағы қазақстандық балуан үшін бұл — Grand Slam санатындағы мансабындағы алғашқы жүлде. Бұған дейін Жалғас Қайролла халықаралық жарыстарда бақ сынағанымен, мұндай деңгейдегі турнирде алғаш рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Айта кетейік, финалдағы қарсыласы Петру Пеливан — Grand Slam турнирлерінің бірнеше дүркін жүлдегері әрі Masters додасының қола жүлдегері. Осындай тәжірибелі қарсыласын тізе бүктіру Жалғас үшін маңызды жетістік саналады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің алғашқы екі күнінде 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Турнир 8–10 мамыр аралығында Астанада өтіп жатыр.