Дала еркесі киіктерді ату басталады. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік санын реттеуге қатысты пікірімен бөлісті.
Министрдің айтуынша, киік саны екі түрлі жолмен реттеледі. «Біріншісі – коралдық (киіктерді айдап кіргізетін қоршау) әдіс. Бұл іс-шара әдетте күндіз жүргізіледі. Екіншісі – түнгі уақытта ату. Біз бірінші жолмен жүрдік. Алайда, ауа райының жағдайына және көлікті тиімді пайдалану мүмкіндігінің жоқтығына байланысты екінші әдісті жоспарлап отырмыз. Мен жауаптан қашпаймын, киік санын реттеу қажет», - деді министр.
Бүгінде киік саны жоспарлы көрсеткіштен асып жығылған.
«Бұл қасқыр сынды табиғи реттеушінің жоқтығынан орын алып отыр. Бұрын жұт, құрғақшылық болып, жайылым болмай қалатын. Мұнан бөлек, ауру таралатын», - деді Ерлан Нысанбаев.
Министрдің дерегінше, осы уақытқа дейін коралдық әдіспен 90-нан астам киік ауланды. Сонымен қатар 14 киік атып алынған.