Мәзір
26 қаңтар, 2026 / JariaLike / Күн-Жария

Азат Перуашев: Конституциялық реформа – бұл бүкіл саяси жүйені терең қайта жаңғырту

Азат Перуашевтың айтуынша, екі палаталы Парламент – бұл федералдық мемлекеттік құрылымға тән институт.

Азат Перуашев: Конституциялық реформа – бұл бүкіл саяси жүйені терең қайта жаңғырту Азат Перуашев: Конституциялық реформа – бұл бүкіл саяси жүйені терең қайта жаңғырту
Gov.kz

Пропорционалды жүйе бойынша сайланатын бір палаталы Парламентке көшу Қазақстанның саяси жүйесін дамытудың қисынды жалғасы болып табылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында мәлімдеді.

Ол өзінің саяси процестерге қатысу тәжірибесіне сүйене отырып, «Ақ жол» демократиялық партиясы Мемлекет басшысының бір палаталы Парламентке көшу жөніндегі бастамасын анық қолдағанын еске салды.

Азат Перуашевтың айтуынша, екі палаталы Парламент – бұл федералдық мемлекеттік құрылымға тән институт. Мұнда Сенаттың міндеті – федерация субъектілерінің заңнамасын ұсыну және үйлестіру.

«Қазақстан – бірыңғай заңдары мен ережелері бар унитарлық мемлекет. Біз Шемонаихадан Форт-Шевченкоға дейін, Бескөлден Шардараға дейінгі әртүрлі өңірлердегі адамдардың өмір сүру сапасы мен мемлекеттік қызметтерге бірдей кепілдік берілуіне және қорғалуына ұмтыламыз. Осы тұрғыда өңірлер мен олардың тұрғындарының мүдделері тең дәрежеде сақталуы тиіс», – деді Азат Перуашев.

Ол Мемлекет басшысы бұл бағытта 2022 жылы қадам жасағанын айтты. Сол кезде заңдарды қабылдау Мәжіліс құзыретіне беріліп, ал Сенатқа заң жобаларын мақұлдау немесе оларға ұсыныстар енгізу функциясы жүктелді.

«Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазіргі бастамасы Конституцияның дәйекті эволюциясының логикасын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл біздің саяси жүйеміздің және оның институттарының жетілуін жеделдетеді», – деп атап өтті Азат Перуашев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда бір палаталы Парламенттің мемлекеттік билік жүйесіндегі өкілеттігін күшейту бойынша оңтайлы шешімдер әзірленген.

Сонымен қатар Конституцияда оның мәртебесін бекіте отырып, Халық кеңесі атты жоғары консультациялық орган құру туралы бастама түрлі этнос өкілдерінің билік жүйесіне қатысуын сегіз есе кеңейтеді, өңірлердің мүдделерін білдіруді қамтамасыз етеді және азаматтық қоғам көшбасшыларының саяси жүйеге тартылуына жол ашады.

Партиялық тізімдер бойынша Парламент депутаттарын сайлауға көшу мәселесіне тоқталған Азат Перуашев бұл ұстаным парламентаризмнің жинақталған халықаралық тәжірибесін көрсететінін атап өтті.

Оның пікірінше, пропорционалды сайлау жүйесі сайланбалы органдарда қоғамдық мүдделердің кең өкілдігін қамтамасыз етеді, мықты партиялардың дамуына ықпал етеді және саяси тәжірибедегі еуропалық үрдістерге сәйкес келеді.

«Іске асырылып жатқан конституциялық реформа – бұл халықаралық тәжірибеге және парламенттік оппозицияның көпжылдық тәжірибесіне сүйенетін, бүкіл конституциялық жүйенің шын мәнінде терең жаңғыруы», – деп түйіндеді Азат Перуашев.

Көп оқылды: