Мәзір
12 желтоқсан, 2023 / JariaLike / Күн-Жария

Астанада Қазақстанның үздік тауарлары анықталды

Астанада Қазақстанның үздік тауарлары анықталды Астанада Қазақстанның үздік тауарлары анықталды
Ашық дереккөзі

Бүгін елордада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық-көрме байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқауда «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жүлделер берілді. Енді байқау лауреаттары мен дипломанттары байқаудың эмблемасын төрт жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалану құқығын алады.

 

Биыл «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауларға республика бойынша 1,3 мыңнан аса кәсіпорын қатысты. Соның ішінде 27 финалист онлайн-дауыс беру кезеңіне өтті. Соңғы кезеңде жеңіске жеткен 9 дипломант «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының дипломдары және эмблемасымен марапатталады.

Осы жылы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында Қостанай қаласының «Большевичка» ЖШС, Абай облысының «УК ЮНИС» ЖШС, Жетісу облысының «Алматинские краски» ЖШС жеңімпаз атанды. Дипломанттарға жүлдені ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев табыс етті.

«Большевичка» ЖШС бас директоры Арсен Жетпісбаев кәсіпорын сапа саласындағы байқауға бірнеше рет қатысқанын, ал жүлдені биыл алып жатқанын айтты.

«Өткен жылдарда қатысқан әр байқаудан кейін кемшін тұстарымызды саралап, қорытынды жасадық. Көрсеткіштерді жақсартып, үздік болуға талпындық. Бүгін, міне, жеңіске жеттік. Бұл жеңіс біз үшін үлкен жетістік, ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі. Бүгінгі марапат бізді жаңа белестерге жетелеп, жаңа жобаларды қолға алуға шабыт берді. Алдағы уақытта өршіл мақсаттар мен міндеттерге қанаттандырды», – деді Арсен Жетпісбаев.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында Жамбыл облысының «ТаразКожОбувь» ЖШС, Ақтөбе облысының «ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС, Қарағанды облысының «A.V.Group» ЖШС үздік атанды.

«Біздің кәсіпорынның тәжірибесі мол әрі әлемдік нарықта да бәсекелесе алады. Өндірістегі қуаты да жеткілікті. Зауыттың бірегейлігі аяқ киім жасауға қажетті былғарыны өзі өндіре алады. 2024 жылдан бастап тері-былғары зауытын толық қуатта іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сапа жағын да жетілдіріп келеміз. Біздің аяқ киімнің сапасы жоғары, әрдайым сұраныста болғанын қалаймыз», – деді жеңімпаз, «ТаразКожОбувь» ЖШС бас директоры Еркін Әбдібаев.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында Жамбыл облысынан «Әулие-ата Феникс» ЖШС, Батыс Қазақстаннан «Балзия» ЖШС, Маңғыстаудан «Жанаөзен сүт зауыты» ЖШС жеңімпаз болды.

«Әулие-ата Феникс» ЖШС құрылтайшысы Фарида Жүнісованың айтуынша, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясындағы жеңіс кәсіпорын үшін үлкен жетістік. Компания ұжымы өз өнімінің халық арасында сұраныста болғанын мақтан тұтады.

Еске салсақ, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы жыл сайын өтетін шара. Байқаудың басты мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімінің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу. Сондай-ақ, отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау және оған жәрдемдесу, халық арасында сапа идеясын кеңінен таныту.

Көп оқылды: