Мәзір
6 қаңтар, 2026 / JariaLike / Күн-Жария

Атырау облысында бір әулет із-түзсіз жоғалды: іс «Адам өлтіру» бабына ауыстырылды

Соңғы рет 11 қарашада сөйлескенін айтқан

Атырау облысында бір әулет із-түзсіз жоғалды: іс «Адам өлтіру» бабына ауыстырылды Атырау облысында бір әулет із-түзсіз жоғалды: іс «Адам өлтіру» бабына ауыстырылды
ашық дереккөз

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасы қараша айынан бері із-түзсіз жоғалып кеткен. Мақсот Мұқанғалиевтің туыстары полицияға тек 25 желтоқсан күні ғана арыз жазған. Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасап Jarialike.kz хабарлайды. 

Жоғалғандар қатарында 66 жастағы Мақсот Мұқанғалиев, оның 64 жастағы жұбайы Нәсіп Өтешқалиева, 35 жастағы қызы Мейрамгүл Қарабалиева және 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, оларды соңғы рет 5 қараша күні көрген. Сол күні ауылға қызы мен күйеу баласы келіп, ата-анасын алып кеткені айтылған.

Ал Наурыз Мұқанғалиев жаз айларында жұмыс істеймін деп қалаға кеткен. Телефоны қосулы болғанымен, хабарласқандарға жауап бермейді. Туыстарына тек анасын емдетуге алып кеткенін айтқан.

Марқұмдардың туысы Асила Мұқанғалиева жағдайға алаңдаулы екенін жеткізді.

— «Тым болмаса видеомен хабарласайын, “Наурыз көтерші” десе де, телефонды көтермейді. Бізге көрсете алмайды. Кейін ауылда түрлі сыбыс тарады, “мал сатып жатыр” деген. Содан кейін ғана желтоқсанда қозғала бастадық. Бұған дейін “емдетіп жатырмыз” деген соң сеніп жүрдік. Іздеуді тоқтатып тастамаса екен дейміз. Тірі болса да, өлі болса да, табылса екен деп тілейміз. Аман-есен оралсын», – дейді ол.

Туыстарының айтуынша, ата-анасын алып кеткен қызы мен күйеу баласы бұған дейін төркінімен тығыз қарым-қатынаста болмаған. Сонымен қатар олар өздерінің кәмелетке толмаған бес баласын Махамбет ауылындағы ата-енесіне қалдырып кеткен.

Ал құдалары келін мен баланың 5 қараша күні емделуге кеткенін, соңғы рет 11 қарашада сөйлескенін айтқан. Алайда белгісіз себептермен олар полицияға арызданбаған.

Полицияның мәліметінше, отбасы мүшелерін алып кеткен деп көрсетілген Ақбаян Мұханғалиева мен Сұлтан Сәрсенғалиев Өзбекстан аумағына өтіп кеткен.

Атырау облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықовтың айтуынша, жоғалғандардың ұялы телефондары Қазақстан аумағында қосылып-өшірілгені анықталған.

— Қазір тағы екі адамға іздеу жарияланады. Ата-аналары арыз жазбаған, олардың аман екені белгілі. Олар Шымкент қаласынан Сарыағаштағы Қапыланбек кеден бекеті арқылы Өзбекстанға өткен. Анасы баласының келінін емдеуге алып кеткенін айтқан. Қызылқоға ауданында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Іздеу облыс көлемінде және республика бойынша жүргізілуде, – деді ол.

Құзырлы органдар отбасы мүшелерінің жат діни ағымдарға қатысы жоқ екенін, бұған дейін ешқайсысы құқық бұзушылыққа тартылмағанын хабарлады.

Бастапқыда «із-түзсіз жоғалу» дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс қазір «Адам өлтіру» бабы бойынша қайта сараланған.

Көп оқылды: