Мәзір
24 қаңтар, 2024 / JariaLike / Күн-Жария

Жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 70-ке жуық

Жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 70-ке жуық Жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 70-ке жуық
Ашық дереккөзі

Алматыдағы жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 67-ге жетті. Арасында 6-7 айлық сәбилер де бар. Бұл туралы «Qazaqstan» ұлттық арнасы хабарлады. Сейсмологтар ендігі автошоктардың толқуы жеңіл өтеді деп отыр. Айта кетейік, дүмпудің ошағы Қырғызстан мен Қытайдың шекарасында тіркелген еді. Ол Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жер. Дүмпу 65 шақырым тереңдікте болған. Осы жер сілкінісі Алматыда 4-5 балл деңгейінде сезілді, дейді мамандар. Бірақ олар 5 баллдық жер дүмпуін неге алдын ала болжай алмады? Алматылықтар түнді қалай өткерді? Әйгерім Ердәулет баяндасын.

Шырт ұйқыда жатқан адамды тербелтіп, бір орында тұрған кісіні теңселтіп жіберген жер сілкінісі алматылықтардың әбден зәре-құтын қашырды. 5 балдық дүмпу түнгі 12-ден 9 минут өткенде тіркелді. Алғашқы минутта-ақ, жұрт жаппай сыртқа шығуға ұмтылды, көпқабатты үйдің айналасы лезде адамға толып, қалада көлік кептелісі басталды. Аязды күні дірдек қағып далада қалғандар такси жалдап жан-жаққа тарай бастады. Бірақ, дәл сол сәтте пайда тауып қалуды ғана көздеген кейбір көлік жүргізушілері жол ақысын күрт қымбаттатып жіберді. Ал әдетте Алматыға қарай бағасы аспандап тұратын әуе билеттерінің құны бірден түсіп кетті.

Апатты жағдайда абдырап қалған бір келіншек 3-ші қабаттан секіріп те кетті. Қазір жағдайы ауыр дейді дәрігерлер. Одан басқа тайып құлаған, қан қысымы көтерілген, түрлі диагнозбен бас-аяғы 67 адам ауруханаға түскен. Оның 12-сі бала. Соның ішінде 6 және 7 айлық нәрестелер де бар. Сәбидің бірі бесіктен құласа, тағы бірі анасының құшағынан ұшып кеткен. Сондай-ақ, 7 және 16 жастағы балалар да сүрініп құлап, жарақат алған. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, дейді мамандар. Ал 3 ересек науқасты операцияға дайындап жатыр.

"Үш науқастың ішінде бір науқастың жағдайы өте ауыр, қазір жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Ауырлығы алған дене жарақатына байланысты және көрсетілген хирургиялық отаның көлемі мен ауырлығына байланысты. Реанимация және анестизиология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Қалған екі науқас травматологияға жатқызылды, қазір отаға дайындалып жатыр",- дейді Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы директорының орынбасары Ермек Желдібаев. 

Бірнеше сағаттан кейін қалада жойқын жер сілкінісі болады деген жалған мәліметті естіп алған жұрт көпқабатты үйлердің маңайынан кетуге тырысты. Мәселен, өткен түні «Сергек» бейнекамераларына қаладан 19 мың көліктің шыққаны тіркелген. Ал 11 мыңнан астам тұрғын бала-шағасымен уақытша паналайтын орталықта түнеді. Таңға дейін олар түгел үйлеріне қайтты. Ал мектеп пен колледждердегі таңғы сабақ болған жоқ, оқушылар екінші ауысымға ғана барды. Ал балабақшалар қалыпты жұмыс істей берді. Бүгін түскі үшке дейін екі рет брифинг өткізген сейсмологтар ендігі автошоктың толқуы төмен болады деп отыр. Ал «неліктен 5 балдық жер сілкінісін алдын ала болжап үлгере алмадыңыздар»,-деген сауалға былай жауап берді.

ҚР ТЖМ Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбековтің айтуынша, жер сілкінісі бұл Қазақстан территориясында, соның ішінде Алматы территориясында болған жоқ. Бұл шет елде болып отырған жер сілкінісі. Ол жерлерде біздің сейсмикалық бекеттер, сейсмикалық құралдар жоқ. Оның үстіне мына болып өткен жер сілкінісі Көкшал тау аймағында, ол оңтүстік Тянь-Шань сілкініске қауіпті аймағында орналасқан.

Төтенше жағдайлар департаменті болса дабыл сиренасын дүмпу 5 жарым баллға жеткенде бір-ақ қоса аламыз, дейді. Сондай-ақ олар ұялы байланыс операторлары шұғыл ақпаратты өңдеп үлгермегендіктен, түндегі жер сілкінісіне қатысты хабарламаны дер кезінде жіберіп үлгермегендерін айтты.

Айта кетейік, түннен бері Алматыда бірнеше рет шағын дүмпулер сезілді. Соңғысы түскі 3-тен 7 минут өткенде 2 балл болды.

Көп оқылды: