Қыркүйек айынан бастап, “Замандас21” отбасы коворкингтерінде жаңа маңызды әлеуметтік жоба іске қосылды, - деп хабарлайды Jarialike.kz.
Бұл жоба “ВИЧ - біз теңбіз” деп аталады және оның мақсаты — АИТВ инфекциясының алдын алу, АИТВ-сы бар адамдарға деген стигматизацияны азайту, сондай-ақ, тестілеуден өту мәселелерінде халықты ақпараттандыру.
Жоба аясында, Замандас21 коворкингінің келушілері, оның ішінде балалар мен олардың ата-аналары, АИТВ туралы терең әрі пайдалы дәрістер мен тренингтер алады. Қатысушыларды арнайы оқытылған волонтер-эксперттер оқытып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде және өз қатарына қосылуға шақыруда.
“ВИЧ - біз теңбіз” жобасы РҚБ “Қазақстан медицина жастары” ұйымдастырған шағын гранттар аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба әлеуметтік маңызды мәселелерді көтеріп, қоғамдағы стереотиптер мен алалаушылықты жоюға бағытталған.
Жоба басшысы, Астана медицина университетінің соңғы курс студенті Алтынай Жеңісханова өзінің “ВИЧ - біз теңбіз” жобасын бастау себептері туралы былай дейді:
«Мен осы проектіні бастаған себебім, АИТВ-сы бар адамдардың қоғамдағы жағдайына алаңдаушылығым болды. Қазіргі таңда АИТВ-мен өмір сүріп жүрген адамдарға деген стигматизация әлі де болса жоғары. Олар қоғамнан сырт қалмауы керек, керісінше, біз оларды түсініп, қолдау көрсетуіміз қажет. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы мен АИТВ инфекциясының алдын алу және осы мәселеге деген дұрыс көзқарас қалыптастыруды мақсат еттім. Себебі, біз бәріміз бірдейміз, және АИТВ-мен өмір сүретіндер де толыққанды қоғам мүшелері болып табылады».
Егер сіздер бұл жобаның волонтері болғыңыз келсе, @hiv_we_are_equal инстаграм парақшасына жазылуға шақырамыз.