Абай облысының Жарма ауданындағы Шуақ ауылының қазандығы істен шығып, бүкіл ауыл халқы бірнеше күннен бері жылусыз қалған. Қазір елді мекен тұрғындарының дені пәтерлерін жауып, көрші ауыл, қалаға туыстарын паналап көшіп кеткен. Қалған тұрғындардың айтуынша, жергілікті басшылар жылуды қалпына келтіреміз деп күнде уәде бергенмен, нәтиже болмай тұр.
- Сабыр сақтаңыздар деп бәрімізді сабырлыққа шақырады. Қашанғы үндемей отырамыз. Үйімде кішкентай мүгедек бала бар. Ауырып жатыр міне. Сіздер интервью берсеңіздер жауып тастайды дейді. Оған уже мүмкін емес сабыр сақтауға. Қанша аяздарда үндемей отырдық. Көбі семьяларын апарып-апарып тастаған. Қалаға, кім қайда. Жан-жаққа апарып жатыр, - дейді Шуақ ауылының тұрғыны Венера Мусина.
Көптеген пәтерлердің ішінде жылу жүйелерін мұз керіп жарып жіберген. Еденге аққан су мұз болып қатып қалған. Су, кәріз жүйесі қатқан үйлер де бар.
- Далада 40 градус аяз болып тұр. Үйде ешқандай жылу жоқ. Бір комнатада үш жылытқыш қосып отырмыз. Оның өзі уже көтермейді. Енді свет өшетін болса, тіпті быт- шыт болып қатамыз, - дейді Шуақ ауылының тұрғыны Арай Қасенова.
Ауылды жылытатын қазандық 4 жыл бұрын ғана жаңадан салынып, қолданысқа берілген. Бірақ өңірдегі сақылдаған аязға шыдас бермеген сыңайды. Қазір облыс пен аудан орталығынан келген 50-ден астам адам құбырларды қыздырып әлек. Негізгі қазандық тоқтаған соң қосалқысын іске қосқан. Бірақ, оның өзінің шамасы келмей жатыр дейді «Жарма су» мекемесінің директоры Мерхат Қожабеков.
- Сол қосалқы істен шығып тұр ғой. Қазіргі уақытта шынымен жылу бере алмай тұрмыз. Барлық күшімізді осы төтенше жағдайды тоқтатуға жұмылдырып жатырмыз, - дейді Жарма ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров.
"Шуақ ауылында 600-ден астам тұрғын бар. Бір мектеп пен балабақша жұмыс істейді. Оған қоса әйелдер колониясы орналасқан. Қазір олардың барлығы жылусыз. Әкімшіліктегілер қолда бар барлық күшті қалыптасқан төтенше жағдайды тоқтатуға жұмылдырып жатыр. Бірақ нақты жылудың қашан берілетіндігін айта алмай отыр. Қазандық қосылған күннің өзінде ауылдағы көпқабатты үйлердің денінің құбырларын мұз кеулеп жарылып кеткен" деп жазды журналист Ержан Жақып фейсбуктегі парақшасында.