Эверест. Бұл – Жер бетіндегі ең биік нүкте. 8848 метр биіктіктегі бұл шыңға алғаш рет 1953 жылдың 29 мамырында адамның табаны тиді. Алайда, оның ұшар басына көтерілу – жай ғана спорт емес, өмір мен өлім арасындағы күрес. Билет сатып алуға болады, бірақ аман-есен оралуға ешкім кепіл бермейді. Jarialike.kz тілшісі Эверестегі ең қайғылы оқиғалардың бірінде жанкешті ерлік көрсеткен қазақстандық альпинист туралы баяндаймыз.
Эверестегі көк ту: Анатолий Букреевтің шыңға сапары
Қазақстанның Мемлекеттік Туын Эвересттің ұшар шыңына алғаш алып шыққан – Анатолий Букреев. Ол – әлемдегі 8000 метрлік шыңдарды оттегі баллонынсыз бағындыра алған санаулы альпинистердің бірі. Шыңға жылдам өрмелеумен танылған спортшы АҚШ-тың назарын аударып, сол жақта да бірнеше биіктікті бағындырған.
Мак-Кинли шыңына небәрі 10 сағат 30 минутта көтеріліп, альпинизм тарихындағы ең жылдам өрмелеу көрсеткішін жаңартқан. Бұл – Букреевтің темірдей төзімін, тәжірибесін дәлелдейтін дерек.
Қатты боран мен құтқарылған өмірлер
1996 жылы көктемде Анатолий Букреев америкалық альпинист Скот Фишердің экспедициясына көмекші ретінде қатысады. Шың басында күтпеген қатты боран басталып, экспедицияның негізгі тобы 8600 метр биіктікте қалып қояды. Ал Букреев бұл кезде төмендегі (8000 м) демалыс күркесінде тынығып жатқан еді. Ауа райы түн ішінде мүлде қиындап, альпинистер адасады, үсік шалады, көмекке мұқтаж болады.
Осы сәтте Букреев екі мәрте шыңға өрмелеп, қарлы боран мен үсікке қарамастан төрт адамның үшеуін аман алып қалады. Оның бұл жанкешті ерлігіне қарамастан, экспедицияның 8 мүшесі қаза тауып, оның ішінде Скот Фишер де бар еді.
Айыптау мен ақиқаттың арасы
Бірнеше айдан соң америкалық журналист Джон Кракауэр оқиға туралы мақала жазып, Букреевті шыңнан бірінші түсіп кеткені үшін сынайды. Алайда, әріптестері бұл шешім Фишермен алдын ала келісілгенін және ол төменде тынығып, төтенше жағдай туындаған жағдайда көмекке келуге дайын болғанын айтады.
Спорт журналисі Галина Мулинкованың пікірінше, Кракауэрдің сыны негізсіз: Букреевтің бұл экспедицияда ресми гид мәртебесі болмағанымен, ол өзінің кәсіби борышын артығымен орындады.
«Восхождение» және артында қалған мұра
1997 жылы Анатолий Букреев осы оқиға жайлы «Восхождение» атты кітабын жазып шықты. Онда Эверест трагедиясының бар шындығы баяндалған. Бірақ оның ерлігіне объективті баға берілмегені көптің көңілінде кірбің қалдырды. Дегенмен, альпинист Америкалық Альпинизм Клубының ең жоғарғы марапаты — Дэвид Соулс медалімен марапатталды.
Аннапурна – соңғы сапар
Букреевтің тауға деген сүйіспеншілігі ешқашан толастамады. Ол Аннапурна шыңын бағындыруды мақсат етіп, Гималайдағы ең қауіпті бағыттардың біріне — Оңтүстік қабырға арқылы альпілік стильде шығуды жоспарлайды. Алайда, 1997 жылдың 25 желтоқсанында қар көшкінінің астында қалып, мәңгілікке сол биікте қалды.
Онымен бірге оператор Дмитрий Соболев те көз жұмды. Ал Симоне Моро ғана аман қалып, ауылға жетіп, апат туралы хабар береді. Құтқару операциялары еш нәтиже бермей, Букреевтің денесі табылмайды.
Ұлт мақтанышының есімі – мәңгі биікте
Анатолий Букреев – ХХ ғасырдың ең үздік альпинистерінің бірі. Оның ерлігі – Қазақстан тарихындағы биік рухтың, ерік-жігердің символы. Эверестке тігілген көк Ту – тек символ емес, ол ер жүрек қазақтың рухын айдай әлемге паш еткен сәт.
Бауыржан Бөгенбай