Кешеден бері аш күйде таң атырған Медет күндегі әдетімен құрылысқа асықты. Ескі керзі етігінің табаны тозып, жаңбыр суы іші-сыртына дейін өтіп, Сарыарқаны желі мен суығы сыз шұлғауын дірілдетіп тұрғандай. Астананың ауа-райын өзінің туған жерімен салыстыру қиын. Сарыағашта бұл уақытта күн жылы, аяғыңа жеңіл төплиді киіп, шауып жүре береді. Ал, Астананың қара жерге сіңген ылғалы аяғының ұшынан бастап, жүрегіне дейін жеткендей, әл-дәрмені құрып келеді.Таңғы қара суықта қала көшелері енді ғана оянып жатыр. Алып шаһардың адамдары бұлт үйірілген аспан астында үнсіз қозғалысқа кірісіп кеткен. Медет әрең басып, аялдамаға жеткенде, демі бу боп шықты. Қалтасында соңғы умаждалған екі жүз теңгесі. Оны да шәй мен түскі асқа сақтап қойған.
Өз-өзімен сөйлесіп келе жатқандай.«Жаяу барам» деп өзін жұбатып, дауысына жай ғана сыбырлап жауап қатып келеді. Екі қолы қалтада. Оң қолымен қалтасының бір бөлігінде мыжылып жатқан екі жүз теңгені қайта-қайта мыжғылай береді. Екі көзі автобус келетін жақта. 16, 39, 8 деген автобустар легі кезегімен өтіп жатыр. Оған керегі осы сегізінші нөмірлі автобус. Мінгісі-ақ келіп тұр. Бірақ, асқазанын ойлайды. Әлі дәм татқан жоқ. Осылай ойланып тұрыпқұрылысқа баратын автобусты үнсіз көзімен шығарып салды.
Қаланың шетімен созылған шағын құрылыс алаңына жеткенше бір сағаттай уақыт өтті. Лайлы жер, темір-арматура, шаң мен сыз иісі. Жұмыс басталып кеткен. Бригадир Нұрғали көзінің қиығымен Медетті шолып өтіп:
- Кешіктіңбе тағы да? Тағы бір рет қайталанса, қоржыныңды жинап ауылыңа қайтасың, бұл саған бала-бақша емес еркелеп жүретін!Жұмысқа тұрғаның кеше ғана емес пе, бұл не жүріс? – деп зілді үнмен селк еткізді.
Медет ештеңе демеді. Ауызын ашып, жауап қайтарайын десе, жұмыстан шығарып жіберетінін біледі. Тек иығын сәл көтеріп, ауыр күрсінді де кірпіш қалап жатқан жаққа беттеді. Қолындағы қолғабының да быт-шыты шыққан. Мұнда келгенде бригадир біреудің киілген ескі қолғабын ұсынды. Алмасқа амал жоқ. Берген заты шыт пен резеңке аралас дүниеден жасалған,жаңа емес екені көрініп тұр. Күлімсі терінің иісі шығады. «Алмаймын» деп айта алмайды. Бұл жұмыста таңнан кешке дейін бетон, темір ұстаған соң қолыңды қорғау керек болады. Қызыл мен көк аралас матаны әбден саз бен цементке сала берген соң, сұрланып бұрыңғы түстен түк қалмаған. Қолғап ішіндегісаусақтары да сау емес, үсікке ұқсап қызарып, ауыр темір көтергеннің салдарынан тілім-тілім болып, кей тұсы тіптен қатайып қалған...
...Күн еңкейіп, жұмыс біткенде қол-аяғы дірілдеп, бүкіл денесін сыз кернеп тұрды. Аяқ киімі лайға батып, сыз етігі бойын түгел қарып өткен. Медет жертөледегі бригадирдің уақытша жасақтаған асханасына беттеді.
Есікті ашқанда, іштен піскен ет пен қуырылған пияздың иісі шықты. Тамақтынң иісі мұрнына келіп, көңілі көтерілгендей болды. Есіне ауылдағы анасы пісіретін таба нан мен ескі самаурында қайнаған шәйдің дәмі түсті. Ары қарай, ауылды ойлауға шама да жоқ. Қарын аш, төменге түсу керек. Төменгі қабаттағы тар бөлме, ескі үстелдер, сары шамның жарығы астында бу көтеріліп, күміс түсті кастрөлдер қайнап тұр. Асханада өзінің құрылыстағы әріптестері. Бірімен сәлемі түзу, амандасып кейде хал-жағдайды сұрап, ауыл туралы айтады. Кейбірін тіптен танымайды. Барлығының мұнда келгендегі мақсаты – аш қарнын тойдырып алу. Қабырға жақтағы үлкен плитаның жанында бір әйел ыдыстарды реттеп жүр екен. Көзінде көзілдірігі бар, қызыл алжапқыш киген, жасы қырықтан сәл асқан, қимылы ширақ.
- Сәлеметсіз бе, апай!– деді Медет сәл кідіріп.
- Сәлем бердік, балам, – деді әйел жымиып.
- Жаңа келдің бе? Бұрын көрмеген сияқтымын.
- Иә. Бүгін төртінші күн. Басқа құрылыс компаниясынан осында ауысып келіп едім. Есімім Медет.
- Ал, мені бәрі Жанна апай дейді. Негізі азан шақырып қойған есімім Жаңылсын. Бірақ қаладағылар ондай есімге не тілі келмейді, не түсінбейді. Сен де Жанна тәте дей бер. Қазір тамақ дайын болып қалады.Қарның ашқан шығар, әзірге бойыңды жылытып ал, мына плитаға жақын отырып...
Медет үнсіз бас изеді. Жанна тәтей ұсынған жерге үстіндегі күртешесіншешпестен жайғасты. Жылы жерге жайғасқан соң ойына ерік берді. Есіне ауылда қалған қарт анасы, жалғыз әпкесі мен екі қарындастарын түсірді. Ойланып отырып алақандарына көз жүгіртті. Алақандағы қыртыстағы кейбір кір мен балшықтың іздері әлі қалғандай. Ауыр жұмыстан саусақтары дірілдеп, сұқ саусағында терісі тіптен сыпырылып қалған. Тырнағының астындағы қатып қалған цементті жібіту мүмкін емес тәрізіді. Оны тазалап әуреленбейді де, себебі екі қолы күнде сол саз бен балшықтың ішінде. Қорғаныс үшін киген қолғаптан да еш пайда жоқ. Бүгін қатты шаршағаны сонша, көзін әрең ашып отыр.
Жанна апай ақ тостаққа буы бұрқыраған еттті сорпа алып келді. Кішкене пластик ыдысқа төрт тілім нанды жуан етіп турапты. Оның қасына тұз бен бұрыш салған ескі шыны құтыларды орналастырды. Бетін әбден шаң басқан.Үстелге дайындаған асты қойды да, Медеттің көзіне қарап тұрып:
- Әлі-ақ үйреніп кетесің. Астана суық, адамдары да сондай қатты болып кеткен. Бірақ сен әлі жассың, бойыңда қайратың мен күш-қуатың бар. Сен секілді жап-жас жігітке барлық есіктер ашылады...– деп күлімсіреп қойды.
Медет табақтағы сорпаға қарап біраз үнсіз отырды. Бу бетіне соғып, көзін ашытқандай. Құтыдағы бұрышты аямай сеуіп, будың бетін қайтарғандай болды. Алғаш рет Астана сынды суық қалада біреу айтқан жылы сөз оған майдай жақты.
Медет сорпасын ішіп отырғанда, ас үйдің түкпіріндегі орындыққа жайғасқан Жанна апай шайнекке су құйып, ары-бері өз шаруасын істей берді. Терезеге жақын тұрған ескі приемниктен «Қазақ радиосының» сыбдырына Медет құлақ түріп отырды. Сорпасын асықпай сораптай отырып, радиодан берген жаңалықтар мен ауа-райының хабарламасын тыңдап отырды. Жүргізуші күн суытып, тайғақ болады деп хабарлағанда қабағы түсіп, ішінен «бұл күн қашан жылиды» екен деп ішінен сыбырлап отырды. Құлағымен радио тыңдап, өзімен-өзі сөйлесіп отырғанмен Медеттің екі көзі Жанна тәтесінде. Оның қимылы шапшаң, бұл тірлікті мың рет жасаған тәжірибесі бар жанның әрекеті екені байқалады. Еппен ыдыстарды орын-орнына жайғастырып, плитаның үстін ескі дәкесімен сүртіп жүр. Қабағы ашылып, қанша күлімдегенмен, өмір соққысын көрген әйел екені байқалады деп Медет топшылады.
- Әй бала, неменеге ойланып кеттің? Қант қосасың ба, шәйге? – деді Жанна тәтей бірер сәттен соң.
Медет селт етіп, бірақ дым білдірмегендей болып басын изей берді. Ыстық шайды алып келгенде, саусақтары дірілдей берді. Бірақ бұл діріл ыстықтан емес, Жанна тәтейдің жақсылығы мен мейірімділігінен шошынғандай.
- Ойбуй, қолдарың үсіп кеткен ғой... Бала-шағаң, әйелің бар ма, қалқам?
- Жоқ, тәте, үйленіп үлгермедім. Ауылда жалғыз шешеммен әпке-қарындастарым бар. Мектеп бітіре сала, осы Астанаға кеттік, дорбамызды арқалап....
- Қарындастарың кішкентай ма? Анаң да қарт шығар...
- Әпкем өзіммен тетелес, арамыз бір жарым жыл ғана. Ол қалада медколледжде оқиды. Қарындастарымның алды тоғызды, екіншісібастауышты биыл бітіреді. Әкем араққа салынып, ақыры бауыры езіліп, ұзақ ауырып ерте қайтты. Анам жесір болып қалды. Ауылдағы мектепте еден жуады. Бірақ тапқаны жетпейді барлығымызға. Құрылыстан тапқан қаражатты үй жаққа жіберемін...– деп Медет кілт тоқтап қалды.
- Ештеңе етпейді. Адам өмірінде бәрі болады. Бірақ, бұл өмір жалғыздың емес, сабырлының серігі, – деді Жанна апай жай ғана жұбатқандай болып.
Біраз үнсіздік орнады. Бұл кезде тамақтануға келген өзге жігіттер кетіп қалған еді. Күндегі тыңдайтын «Қазақ радиосының» дауысы бәсеңдеп, ақырын ғана кешкі жаңалықтарын хабарлап тұрды. Сыртта арқалық жел гуілдеп, ескі терезені түрткілегендей. Асхананың ішінде тек екі адамның тыныс алуы ғана естіліп тұрғандай... Тыныштықты бұзған Медеттің дауысы:
- Ұлыңыз бар ма, Жанна апай? Жалғызсыз ба?
Жанна апай бір сәтке кідіріп, көзілдірігін шешіп, орамалымен әйнегін сүртті. Бірақжауап қатуға асықпады. Көзілдірігін шешкен соң, Медетке Жанна апайы бұрыңғыдан да жас болып көрінгендей. Бұл уақытқа дейін апай қырықтан асып елуге аяқ басты деп өзінше топшылайтын. Ал енді, көзілдіріксіз Жанна апайы жас қыздай көрінді. Тек көзінің маңайындағы аз ғана әжім оның жаңа жасын жасыра алмады...
- Бар еді... сен секілді. Ол да осы сен тәрізді құрылыс жақта жүрген. Бірде бар, бірде жоқ. Екеуміз ел қатарлы күн көрдік. Бірақ, бір күні таңертең жұмысқа кетіп, қайта оралмады. Құрылыста биік краннан құлап, қайтыс болды. Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған компания иесімен соттасуға менде күш те, дәрмен де жоқ еді... Жалғыз тұяғыңмен бірге ішімде бірдеме өліп қалды. Тірі өлік болып көп жүрдім. Қанша жүреді дейсің. Адамның жаны ит тәріздес. Әйтеуір аш қарынды тойдырып, нәпсіңді қанағаттандырып жүрсең, жүре береді екенсің... Ұлым өлген соң төртінші жылы ғана есімді жидым... Жимасқа болмас еді, жан бағу керек. Еңбек етіп, күн көру керек болды.Содан бір асханаға аспаз болып жұмысқа кірдім. Біраз істеген соң пайда түсе бастағанын көріп, бұл жерде табыс бар екенін байқадым. Сөйтіп, өзім жеке кәсіп аштым. Осы құрылыста жүрген адамдарға ас пісіріп сатып жүрдім. Күнделікті кіріс бар. Үй алдым, көлік алдым...
Медет басын төмен түсіріп, үнсіз қалды. Ішінде әлдене қозғалды, өзіне белгісіз дүние, ол сыздан да ауыр еді: жанының ауырлығы.
Жанна апай көзін қабырғадан алмай, әңгімесін ары жалғастыруда:
- Бірақ менің өмірдегі жалғыздығым мен ішімдегі жарамды ешкім жаза алмады. Кеткен Жансерігім қайтып келмейді, білемін... Еті түзу еркек те кездеспеді. Барлығына керегі ақша мен бір күндік төсек. Мен бір күндік кошелек және бір түндік төсек болудан шаршадым...
Медет Жанна тәтесінің көзіне тік қарай алмады. Бірақ сол сәтте алғаш рет бөтен суық қалада ең жақын адаммен отырғандай сезінді...
Сол күннен кейін Медет күн сайын кешкісін асханаға соғып тұратын болды. Бірде шай ішіп, бірде үнсіз отырады. Сөз аз, бірақ үнсіздік енді бұрынғыдай ауыр емес, керісінше, тыныш. Бұрын сорпа ішуші еді, қазір Жанна апайы оған біріншіге етін толтырып сорпа әкелсе, екінші тамақ ұсынатын болды. Екіншіге: манты, палау кейде көңілі көтеріліп тұрса қолдан нарын да турап беретін. Жанна апай оны күтетін секілді.
Бірде Медеттің ескі керзімен жүргенін көріп,бүтін қара бәтеңке әкеліп берді:
- Медет, мынау ұлымның етігі еді... Сенің өлшеміңе келетін сияқты. Керзіге қарағанда бұны киген дұрыс. Аяғың жылы жүреді, әрі жеңіл. Жансеріктен қалған киімдерді ешкімге бермеген едім, бәлкім сен киерсің, – деді.
Медет алғашында қарсылық білдіргендей болды, бірақ Жанна апайдың жұмсақ дауысы, бауыр басқан көзқарасы оны тоқтатты. Жарайды анамдай кісі ғой, мейірім танытып жатыр деп ішкі дауысы оны басып қойды.
Сол күннен бастап Медеттің аяғындағы сыз азайып, жүрегіндегі мұз да ерігендей күй кешті. Бұрын Астана өзге бір салқын әлем саналатын еді. Қазір сол Антарктидасы жылынып, Тәшкенге айнала бастағандай болды.
Арада апталар өтті. Қала желі баяулап, алғашқы қар жауған. Асхананың терезесіне ұсақ қар тырс-тырс соғып, сырты аппақ тұманға оранғандай. Іште әдеттегі бу, дәмді ас пен тәтті шәйдің иісі. Бірақ сол асханаға реңк беріп тұратын Жанна апайдың мейірімі мен жылы күлкісі еді. Медет әдеттегідей жұмысшылармен бірге асханаға кіреді. Бірақ соңғы күндері ол плитаның және Жанна апайдың жанынан шықпайды. Өзара күбірлесіп, кейде күліп әңгімелесіп отырады.
Бір күні Жанна апай кешкі ас әзірлеп болып, бір ескі дәптерді ашып отыр еді. Ол жерде шыққан шығын мен асханаға алған заттарды түгендеп отыр.
- Түффф, шаршап кеттім. Мына Толик маған қантты дұрыс санапмапты. Әйел екенімді біліп, басынайын деді ме. Келсінші ертең, жанын шығарайын, – деп өзімен-өзі сөйлеп отырды.
Мұны естіген Медет:
- Жанна апай, ертең әлгі Толик келсе, мені шақырыңыз, өзім онымен еркекше сөйлесейін. Әйелді солай алдауға бола ма? – деп Медет еркектік сес танытқандай болды.
Медет бұрын асханаға шаршап кіретін еді. Қазір бірүмітпенкіретін болды.Асханада оны ыстық тамақ пен тәтті шай дайын тұратын. Бәрінен де ыстығы, Жанна апай мейірімі мен жымиған күлкісі еді...
Бұрын үстіндегі киіміне мән бермейтін. Енді өзіне қарап, қолын барынша таза ұстауға тырысатын. Мойнына Жанна апай сыйлаған мойынорағышты да тағып алатын. Құрылыстағы жігіттер күлетін: «Немене модный показға келдің бе? Шаң-тозаң шыққан жерге шарф таққаның не сән?» деп. Темекі тартуға сыртқа шыққан сайын, жігіттерге әңгімеге соғуға осы шарф сылтау болатын. Шарфтың артында Жанна апай екеуінің жарасқан әңгімесі мен мұның неге асхананы айналшықтап шықпай қалғаны да ара-тұра сөз болатын.
Соңғы күндері жатақханаға қайтып бара жатып, Медет өзінің ендігі жалғыз емес екенін түсінгендей күй кешетін. Астананың суығы бұрынғыдай емес, күннің райы жылынып бара жатқандай. Жанна апай анасы емес, тіпті досы емес, ол әлдеқайдан жүрекке жақын, үнсіз ғана жанын түсінетін ерекше адам болып қалғандай.
Бір күні асханада кеш қалып, екеуі шай үстінде отырып, өздеріне белгісіз сезімнің не екенін түсінгендей болды. Мектеп бітіргелі жас қызға жағын ашып сөз айтпаған Медетке жан бітіп, Жанна апайдың көзіне тік қарап:
- Білесіз бе, сізбен отырғанда... мен өзімді тірі адамдай сезінем. Тура бір ауылда жүргендей. Сарыағаштың ыстығын сезінемін...
Жанна апай да жауапсыз қалдырмай, ұзақ үнсіздіктен соң ақырын:
- Мен де солай сеземін. Саған қарап, жүрегім жылынады. Ұлымды еске аламын. Бірақ сен ұлым емес екеніңді білем ғой... – деді.
Бұл екеунің диалогы екеуінің де ішкі қорғанының шымылдығын ашып жіберіп, бір сәтке шайқап өткендей болды. Ешкім жалғастырған жоқ. Тек шәй ішіп отырып, көздерімен ұғысқан күйі отыра берді.
Қыс бойы Медет асханаға күнде келіп тұрды. Жанна апай оған тек шәй емес, өзінің көлігінің кілтін беріп қойды. Медет құрылыстағы ауыр жұмыстан соң Жанна апайды үйіне апарып тастап, ары қарай көлікпен жатақханаға қайтып жүрді. Кейде Жанна апайдың жанында қонып қала беретін.
Бірақ көктем келіп, жер босаған шақта, ауылдан хабар жетті. Шешесі мен қарындастары Астанаға қыдырып келетінін айтты. Көптен көрмеген анасын сағынған Медет оларды қуана қарсы алды. Анасы ұлының жүзі жарқырап жүргенін көріп қуанғанмен, оның көңілін су сепкендей басқан оқиға орын алды. Медет анасы мен қарындастарын жатақханаға жайғастырып, бригадирден сұранып «Бәйтерекке» апарып, қаланы көрсетіп жүрді.
Екінші күні Медетті бригадир жұмысқа жылдам шақыртып алды. Ол көлікті зырылдатып анасы мен қарындастарын асханаға апарды. Күтпеген жерден Медетті асхана алдында Жанна апай қарсы алды күлімдеп. Қолында бауырсақ, шәй дайындауға кірісті. Анасы қолын шаюға арғы беттегі қол жуғышқа кетіп еді. Жанна апай анасының сыртқа шыққанын байқағанмен, жылы күліп Медеттің қолын ұстағандай болды. Қолын сүртіп келе жатқан анасы бұл көріністі алыстан байқап, жүрісін баяулатып, сәл кідірді. Жанна апай Медеттің қолын жіберер емес...
Анасының көзқарасы бірден өзгеріп кетті.
- Ол кім? – деді шешесі салқын дауыспен.
- Жұмыстағы кісі, асханадабізге ас пісіреді, – деді Медет қысқа ғана.
-Ол қандай әйел өзі? Неше жаста? Баласымен жасты ұлдың қолынан ұстаған несі? Не шатағы бар сенде?
- Жәәәй, мама, көңіл аударма. Ұлы қайтыс болған кісі. Маған жанашырлық танытады мұнда. Бары сол ғана, – деп анасын жұбатқандай болды.
Медет үнсіз қалғанмен ішінде толқып жатқан бір дауыл бар еді. Ұрлық жасаған мысықтай, жасырып жүрген ісін ел біліп, «ұрлығы» ашылып қалатындай күй кешті.
***
Арада бірнеше жыл уақыт өтті. Медеттің бұл жүрісі ауыл жаққа жетті. Анасы телефон шалған сайын:
- Медет, сен не істеп жүрсің? Ауылда жұрттың не дейтінін білесің бе? Бұл әйел саған анаңдай кісі ғой. Есі бар адам еңбек етіп, тіршілігін істейді. Ал сен жұрттың сөзіне күлкі болдың. Жас қыз көп қой, тауып үйлен, менен кері батамды алып жүрме! Сенің бұл жүрісіңе мен түбегейлі қарсымын!
Медет әрдайым үнсіз «ия мама» деп құтылатын. Жандүниесі екіге жарыла бастаған. Таразының бір басында анасы, екінші жағында жақсылық жасаған Жанна апайы... Анасының айтқанына қарсы келу қиын, әрине. Бірақ жүрегі басқа бір шындықты айтып жатты: ол өзін алғаш рет сол кісінің жанында еркек сезінген еді...Жанна апайды көрмеу үшін оның үйінің кілтін қайтарып берді. Тіпті сол асханаға кірмей кетті. Ақыры, құрылыстағы жұмыстан береке кетіп, ол жерден кетіп қалады.
***
Уақыт тоқтап тұрған ба, арада зырылдап жылдар өтеді. Анасыныңаманатына мойынсұныпақылын тыңдағанМедет үйленеді. Отбасын құрып, «ел қатарына қосылдым, бұрыңғы өмір жоқ, болдым, толдым» деп тоқмейілсінгендей күйде жүреді. Бірақ, әрбір құрған шаңырағы шайқалып, жанбай жатып сөне береді. Сөйтіп сандалып жүрген Медет үш рет үйленеді... Әрбір құрған отбасында бақыт кілтін таптым ба деп ойлаған ол әрдайым қателескенін іштей өкінішпен мойындайды. Іште мың-сан сұрақтар оны мазалай береді, қай тұста қателестім екен деп. Ақыл айтып, дұрыс шешімін айтатын бұрынғы Жаннасы жоқ. «Тәтесі» о дүниелік болып кетті ме,ол жағы белгісіз. Сол кеткеннен одан хабар алмады. Тек анда-санда Астрахан бойындағы ұзын көшемен жүріп өткенде есіне алып отырады. Кезек-кезек әйел ауыстырды. Бірақ бақыт оны айналып өткендей. Қазір Медет көп түнін жалғыз қарсы алады. Жаннадан кеткен соң оның ішінде бір бос кеңістік пайда болғандай күйде жүрді. Сол кеңістікті басқа әйел алсам толтырамын деп ойлады. Бірақ құрғыр үміті ақталмады. Ішін үңірейтіп өзегін өртеген бір белгісіз дүниенің жауабын таба алмайтын.
Соңғы үшінші әйелі алиментке де бермей, үнсіз кетті. Себебі, алдыңғы мектеп жасындағы екі балаға беретін берешегі көп еді. Астанада бұрынғыдай құрылыс қарқынды емес. Медет өзінде қалған ескі серігі – көлігімен таксилетіп күн көреді. Баяғы құрылыстағы жігіттер кейде шақырып ресторанда ас ішеді. Бірақ шотты төлеуге келгенде Медет басын төмен салбыратып, көзімен жер шұқылап қалады. Оның бұл жағдайынан достары хабардар еді. Астанада жүрген он жеті жылда үш әйелмен ажырасып, соттасып жүріп, Көктал жақтағы бір бөлмелі үйін әрең сақтап қалды. Ол үйі де несиеге алынған. Әлі төлеуге сегіз жылы бар. Ауыр күнін аяқтап, сол бір бөлмелі үйіне келіп, төбеде ілулі тұрған қытай шамына қарап жатып, баяғыда жоғалтып алған күндерін жиі есіне түсіретін. Бүгін де сол...
Көзін тарс жұмып, ішіндегі қоңыр дауыспен сөйлеседі:
- Медет!Сен әлі оны күтесің бе?
- Кімді?
- Жаннаны.
- Жоқ... Мен... Мен енді ешкімді күтпеймін. Менің ішімде бір қуыс пайда болғандай, бірақ ол аштықтан емес.Түсініксіз бір кеңістік... Мен тек сол бос орынды толтырғым келеді... - дауысы қысылып шығады. Өзіне сенбейді...
- Бос орын? Жаннамен сен бүтін болдың ба?
- Ия, Жаннамен мен бүтін болдым. Оның қасында мен еркін едім, ішімде бос кеңістік жоқ еді...Мен онымен толық адам болдым...Еркек болдым...
- Қанша жыл өтті, сен оны ойыңнан шығарып тастай алдың ба?
- Жоқ, мен оны ойымнан шығара алмай келемін... Мен қиналған кезеңде Жаннаменің ойымда болады. Ол менің миымның бір бөлігіне мәңгі тұрақтап алғандай...
- Енді не істейсің?
- Ұмытқым келеді. Сол үшін де бір емес, үш әйелді алып, оларды бақытсыз еттім. Жұдырықтай асау жүрегім көнбей келеді.Неге бұлай болды?
- Сен жүректі емес, ақылыңды тыңда.
- Ақыл ... Мендеенді ақыл да жоқ. Мен жалғызбын бұл жалғанда.
- Білемін. Жалғыздың досы үміт емес пе?
- Үміт пе, әлде сағым ба?Мүмкін, екеуі де. Мойындаймын сол үміт мені әлі күнге дейін тірі ұстап тұр... Қоңыр дауысымен диалог тәмамдалып, тағы да ойымен өткенге оралды.
Жанна... Өзгелер үшін ол апай, тәте. Оңаша шыққанда Жанна, Жәке, басеке.. Оны ешқашан сүюге мәжбүрлемеген. Жанна жай ғана тыңдап, күлімдеп сүт қосылған шай ұсынған. Сол үшін Медет алғаш рет шын «бар» екенін, еркек екенін сезінетін. Жаннаға ештеңе дәлелдеудің де, ұнауға тырысудың да қажеті жоқ еді.
Алғаш үйленген некелі жары – Айша.Ауылдың ең сұлу қызын анасы таңдап жүріп, айттырып еді. Бірақ сұлу келін, Астананың суығы ма, Медеттің жылу бере алмағаны ма, қаланың шаңына төзе алмады. Төрт айдан соң, жылап ауылына қайтып кетті. Жас қыздың көз жасына қалдым деп көп уақыт Медет өзін кінәлап жүрді. Бірақ оны үнсіз шығарып салды. Өзінің суынғанын сезетін. Бір қуанатыны, арада бала болған жоқ.
Екінші жары – Айгүл. Бірге жұмыс істеген қыз. Жаннадан қашып, Айшамен айырылысып, жүрек пен басты «босатты».Медет басқа құрылыс компаниясына келгенде Айгүл бұл жерде есепші еді. Қаланың қызы. Басында бәрі жақсы болды, үйленді,балалы болды. Баршылыққа үйренген Айгүлдің қажеттілігін Медет өтей алмады. Тырыспады да. Еркек болып, келіншектің көңілінен шығайын деп оған гүл сыйлау, ресторанға апарып көңілін көтеріп қоюды да ойламады. Балаларға қажеттіні әперіп, бала үшін де бірнеше жыл өзін «қинап» өмір сүріп көрді. Медет өзін түрмеде жүрген тұтқындай сезінді. Үй ішінде үйірілген үнсіздіктер көбейіп, бір күні бұл шаңырақтың да шамы сөнді... Айгүл екі баланы алып, туған жері –Атырауға кетіп қалады...Медет іштей: «Сені де ұстап қала алмадым…» деп өз-өзін жазғырып жүрді.
Үшінші көктем... Бұл ең соңғы үміт секілді еді. Жасы қырыққа таяп, жалғыздықтың салмағы иығына жүк бола бастағанда Медет бұлжолы өзіне серт берді. «Бұл жолы бәрі жақсы болады. Міндетті түрде. Соңғы үміт. Тек осы жолы» ... Аяулымның соңынан біраз жүгірді. Жас қыз оның ажырасқан еркек екенін білді. Көпке дейін Медетті қабылдай алмады. Медет те асықпады. Бір күні мойнын бұрар мен жаққа деп іштей өзін қамшылады.Ақыры күткеніндей қыздыңмұз жүрегі жібіп, «ия» деді. Жас қыз, жасы небәрі жиырмадан енді асқан. Анау керек, мынау керек деп Медеттің миын «ашытқандай» көрінетін. Күндіз жұмыс, түнде таксилетіп, Аяулымның бар айтқанын жасады. Аяғы ауыр болып, дүниеге ұл келді. Аяулым енді қит етсе, «ұл тауып бердім, шетелге қыдырт, көлік әпер» деп Медеттің миын «жеді». Сабыр түбі сары алтын емес, бұл жолы көмір мен қоқысқа айналып кеткендей Медеттің де төзімі таусылды. «Кетемін»деп қорқытқан Аяулымды ұстамады.Үшінші жарымен де қоштасты... Себебі... ішінде оған деген жылулық қалмаған. Енді ол сүюге де, ренжуге де шаршаған еді... Бұрын сөйлесіп отыратын ішкі дауысты да естімей меңіреуге айналды...
Салтанат Әшірбай