Астанада №71 мектеп-лицейінде «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен «Жеңіс жолдарымен» атты «Жас сарбаз» сыныбының демонстрациялық қойылымы өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап Jarialike.kz хабарлайды.
Жастарға Отан алдындағы парыздың маңызын жете түсіндіріп, елжандылыққа тәрбиелеуді мақсат еткен іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілді. Оған №78 және №79 мектептерінің «Жас сарбаз» сыныптары қатысты.
Ұйымдастырушылар бұл іс-шара жасөспірімдердің әскери-патриоттық сезімдерін ояту, жастардың санасын жаңғырту, төл тарихын білетін, бүгінін бағалайтын, тәуелсіздігін көзінің қарашығындай қорғайтын ұлағатты жас өрендердің қатарын толықтыруға бағытталғанын айтты.
Мерекелік іс-шара барысында кадет сыныптары концерттік бағдарлама ұсынып, саптық даярлық пен өзін-өзі қорғау әдістерін ортаға салды. Оның ішінде атап өтерлігі, мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Қанат Жұмағұлов тәрбиелеп отырған «Жас сарбаз» сыныбы – еліміздегі 5-сынып оқушыларынан құралған жалғыз кадет сыныбы.