Orda.kz мәліметінше, 2021 жылы Түркістан облысында бойжеткен қызға шизофрения диагнозы қойылған. Қыздың анасы психикалық емдеу орталығына жатқызуға мәжбүр болған. Емдеу орталығына жіберген 17 жастағы қызы жүкті болып келген.
Masa.media сайтының мәліметінше, орталықтың үш қызметкері жабылып білгендерін істеген.
– Теледидар бөлмесіне апарады екен. Бір медбрат бар, үшеуі жатқызып, аяқ-қолын төсекке таңып, санитарлар тиіседі екен. Қызым бәрін біліп жатады екен. Кейін шатырды жинаймыз деп алдап шақырып, сол жерде қараңғыда істеген. Олар басқа қыздарға да тиіскенге ұқсайды. Себебі қыздар бір-біріне куә болған. Олар бәрін біледі. Кім орнында жоқ, сол қыз сол бөлмеде болады екен. Егер айтсаңдар сендерді де байлаймыз деп қорқытады екен, – дейді қыздың анасы.
Науқастың анасы Шымкент полициясы істі асықпай қарап жатқанына алаңдайды. Оның сөзінше, тергеуші жүктілікті растайтын қағазды көре тұра емдеу орталығынан тыс жерде де бала көтеруі мүмкін деп күмәнданған.
– Біздің қазіргі тергеушіміз «сен мұны қайдан білесің, мүмкін төмендегі ерлер бөлімінен басқа науқас келіп істеп кеткен шығар» деді. Ақыр аяғында психикалық емдеу орталығына шаң жуытпай отыр, -– деді ол.
Бойына бала біткенін білген қыздың жүйкесі тіпті сыр берген. Қолына түскенді сындырып, ешкіммен сөйлеспей, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барыпты.
– Ұят болса да айтайын. Мүшесін шығарған. «Ағай не істеп тұрсыз?» десе де істейтінін істеген ғой. Ол жер – құдды түрме, қыздарға «сен бұл жерден қайтып шығамын деп ойлама, сен бұл жерге қайта келесің» деп ескертеді екен. Содан соң, қыздар айтуға да қорқады. Алдында қызым күйзеліске шалдығып, жатып шыққан еді. «Ана, саған шұғыл түрде бір нәрсе айтуым керек деп зорға айтты», – дейді жәбірленушінің анасы.
Түркістан облысының психикалық денсаулық орталығында зәбір көргендер бұл отбасы ғана емес. Тағы бір қыздың анасы полицияға арызданғанын айтты. 22 жастағы қыз жүйкесі сыр беріп, емханаға ем алуға келген.
– Өкінішке қарай, жиырма күн ішінде көрген азабым аз емес. Тегін ләззат алу ғой. Ақшаларын шығындамай, ауруларға тиісіп, одан сайын ауру қылады. Бірінші массаж жасап берші дейді. Бір уақытта санымнан сипалай бастайды. Итеріп тастасам да қайтадан сипалай бастады. Маған жиырма күннің ішінде бірнеше рет тиісті. Оны үйдегілерге айта алмаймын. Ісі біткен соң майлық қағаздары дайын тұрады. Ертесі түк болмағандай жұмыста жүре береді. Өз араларында біледі. Оны әйелдері біледі деп те айта аламын, – дейді жәбірленуші.
Бұл кейіпкер психикалық ауытқуы бойынша есепте тұрмаған. Ол орталыққа дәрігердің кеңесімен, тек уақытша күйзелістен арылу үшін барған.
Емдеу мекемесінің басшылығы «бәрін тергеу шешеді» деп отыр. Науқастарды зорлады деп айыпталған екі санитар осы мекемеде жұмыс істегенін растап отыр.
«Бұл жерде 700-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. 740 орынға арналған. Қазір 645 науқас бар. Бұл мәселеге байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр, оның қорытындысы шықпай ештеңе айта алмаймыз. Ол санитарлар бізде жұмыс істеген. Ішкі тексерістер жүргізілді. Тергеу болмаса, кінәлілер өздері мойындамай тұрса, біз қандай амал жасаймыз?!», - дейді Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығы басшысының орынбасары Қабілет Әбенов.
Шымкент полициясы да тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қанша адам, қандай арыз бойынша екенін нақтылай алмады.
– Зорлау туралы арыз бойынша қылмыстық іс қозғалған. Екі күдікті қамауға алынды, сот сараптамалары тағайындалуына байланысты тергеу мерзімі ұзарды. Қазір тараптар іс-материалдарымен танысу барысында, іс сотқа жолдану кезеңінде, – деді Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының бөлім бастығы, полиция полковнигі Ержан Ақмолда.