«Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалы өңір аудандарында тұратын зейнеткерлер саны рейтингісін шығарды. Статистика 2025 жылдың ақпан айының басында жаңартылған деректерге негізделген.
Рейтингке сәйкес, алғашқы үштікке Алтай, Глубокое аудандары және Риддер қаласы кірді. Сонымен, зейнеткерлердің көпшілігі Алтай ауданында тұрады – 14 753 адам. Екінші орында Риддер қаласы тұр – 11 245 адам. 11 159 зейнеткері бар Глубокое ауданы алғашқы үштікті қорытындылап тұр.
Зейнеткерлер саны ең аз Марқакөл ауданында – 1385 адам, Катонқарағай ауданында – 1967 және Үлкен Нарын ауданында – 2225 адам ғұмыр кешіп жатыр
– Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 140 106 зейнетақы алушы бар, – деді КЕАҚ Шығыс Қазақстан филиалы директорының әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі орынбасары Айжан Агибаева. – Оның ішінде Өскемен қаласында 68 189 зейнеткер, ал аудандарда 71 917 зейнеткер тұрады.
Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда 2 млн 400 мыңнан астам зейнеткер бар. 2025 жылы жалпы негізде зейнетке шығу жасы 63 жасты, әйелдер-61 жасты құрайды. 2028 жылдан бастап ҚР заңнамасы негізінде әйелдер үшін зейнеткерлік жас жыл сайын 6 айға ұлғаяды. Мұндай өсім 2031 жылға дейін, ең жоғары шекті деңгейге жеткенге дейін 63 жасқа дейін болады.
Семей полигонының радиациялық тәуекел аймақтарында 1949-1963 жылдар аралығында кемінде 5 жыл тұрғандардың ертерек зейнетке шығуға құқығы бар. Нақты айтсақ, ерлер – 50, әйелдер – 45 жасқа толуы керек.
Естеріңізге сала кетейік, республика азаматтарына зейнетақы төлемдерін ресімдеу үшін зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 10 күн бұрын ХҚКО-ға жүгіну қажет.