2288cf07-f3cf-48f4-bd61-c60f403680ec

Головкин Құлыбаевтың орнын басты

Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне келді. Қоғамдық бірлестіктің басшысын сайлау жабық есік жағдайында өтті. Оған журналистер шақырылмады.

«Бүгін Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс отырысында ұйымның президенті мен басқа да басқару органдарының сайлауы болды. Ұйымды 2015 жылдан бері басқарған Тимур Құлыбаев өз өкілеттігін аяқтады. Қазақстан ҰОК-ның жаңа басшысы болып Геннадий Головкин сайланды. Бас Ассамблея мүшелері оның кандидатурасын бір ауыздан қолдады», – делінген ҰОК хабарламасында. 

ҰОК жаңа президенті Бас Ассамблеяның кезектен тыс отырысында сөз сөйледі.

«Жаңа лауазымда елге қызмет ету – мен үшін зор мәртебе. Маған Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқаруды ұсынғанда, Қазақстан спортын дамытуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берсе ғана кандидатурамды ұсынатынымды айттым. Өздеріңіз білетіндей, мен саясаткер де, шенеунік те емеспін. Өз ісімді сөзбен емес, іспен дәлелдеп үйренгенмін. Осы орайда, менің өз көзқарасым, жылдар бойы жиналған халықаралық тәжірибем мен команданың бар екенін айтқым келеді. Ал ең бастысы және менің көптен бергі қалауым – барлығын да өзімнің туған елімде іске асыру», – деді ол.  

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Геннадий Головкин ресми түрде IBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан бас тартқан еді. Бұл – оның осы кезге дейінгі соңғы атағы.  


Пікір Как:

Пікір (0)