Мәзір
28 қаңтар, 2025 / JariaLike / Экономика

Халықты толық газбен қамтуға 40 жылға жуық уақыт керек

Мұнайлы өлкелерді айтпағанда, көп өңірлердің газбен қамтылуы төмен деңгейде.
 

Халықты толық газбен қамтуға 40 жылға жуық уақыт керек Халықты толық газбен қамтуға 40 жылға жуық уақыт керек
Фотосурет ашық дереккөзден

Inbusiness.kz ақпаратынша, басқаны айтпағанда, елдің бас қаласы Астана тұрғындарына көгілдір отынның игілігі жетпеуде. Бұл процесс неліктен кешігуде, әлде үкімет алшақ өңірлер арасына құбыр жалғап үлгере алмай келе ме?

Жыл сайын 200 мың адам ғана қосылуда

Бұл тұста ең алдымен елді газдандыру көрсеткіші тым жай өсіп жатқанын айта аламыз. Мәселен, 2022 жылы халықтың 59 пайызының көгілдір отынға қолы жеткені мәлім болса, 2024 жылы көрсеткіш 60 пайызды құрады. Ал биыл 61,5 пайызға жетіпті. Шамамен жыл сайын тек 1 пайызға өсіп отыр. Бұл дегеніміз газ игілігіне орта есеппен 1 жылда 200 мың адам ғана қол жеткізе алатынын көрсетеді. Яғни, осы қарқынмен халықты толықтай газбен қамтуға 40 жылдай уақыт қажет болады. 
Мұнайлы өлкелерді айтпағанда, көп өңірлердің газбен қамтылуы төмен деңгейде. Мысалы, қазір 12 миллионнан астам адам газ тұтынып отыр. Оның ішінде газдандыру деңгейі 90 пайыздан асатын аймақтар да бар: оған Ақтау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облысы мен Шымкент, Алматы қаласы кіреді. Ал газдандыру деңгейі 40-80 пайыз болатын өңірлерге Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жетісу және Қостанай облысы жатады. Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласының газдандыру деңгейі 20 пайыздан төмен. Ал Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облысы мүлде газ тұтынбайды. Өз кезегінде бұның қаншалықты зиян екенін шамалай беріңіз. Қала жұрты да, ауыл жұрты да жылуды көмір жағып алады, оның ауаға тарайтын түтінінен экологиялық мәселелер күрделене түспек.
Үкімет бұл мәселені шешудің түрлі нұсқаларын қарастырғанымен, іске асыру жағы ақсап жатыр. Республиканың солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру үшін Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысына газ жеткізетін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының (МГҚ) ІІ-ІІІ кезеңдерін жүзеге асыру жайын бір ойланды. Жоба құны – 188,5 млрд теңге. Алайда бұл жоба іске асу үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ ІІ желісін салу қажет еді.
Екінші жол – көрші Ресей арқылы газдандыру жобасы. Қазір Үкімет және "Газпром» ЖАҚ солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Шешім де Ресей компаниясымен газдың бағасын және тартылатын құбырдың маршрутын анықтағаннан кейін қабылданбақ. 

Жоба көп, кезең де көп, бірақ нәтиже аз

Әрине, Энергетика министрлігінің сандарына назар салсақ, бәрі керемет орындалып жатқандай. Мысалы, былтыр салада бақандай 200 жоба іске асып, 300 мыңнан астам адамды газ игілігіне жеткізген 1 700 шақырым құбыр салыныпты. Биыл да мемлекет тарапынан өңірлерде 45 жоба іске асатынға ұқсайды. Мұндай кең көлемді газдандыру жұмыстарына 65,9 млрд теңге қаржы қарастырылған. Барлық жоба іске асса, республикадағы газдандыру деңгейі 62 пайыз болып, тұтынушы саны 12,36 млн адамға дейін артады деп жоспарланыпты. Жоғарыда жыл сайын 1 пайыздық өсімге қол жеткізіп жатқанымызды айттық, бірақ еліміз 2025 жылы 0,5 пайыз ғана өсімге қол жеткізеді екен.
Астананың қазіргі газбен қамтылу деңгейі бар болғаны 14,3 пайыз. Әу баста Сыр бойындағы газ магистральдан тартылды. Жобасы 5 кезеңге бөлінген құбыр тарту құрылысы қарқынды болған. Бірақ ішкі жұмыстарға келгенде бәсеңдеді де қалды. Энергетика басқармасының мәліметіне қарасақ, елордадағы 6 жыл бұрын басталған газ тарату желілерінің құрылысы үш кезеңге бөлінген. 2023 жылы екі кезеңнің құрылысы аяқталды. Содан бері 2 жылға жуық уақыт өтсе де үшінші кезең кешігуде.
Әйтеуір Сарыарқа (Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық және қаланың ескі бөлігіндегі Г.Потанин көшесінің ауданы), Алматы (Железнодоржный, Промышленный, Оңтүстік-шығыс ауданының оң мен сол қанаты, Күйгенжар, Мичурин, Интернациональный тұрғын алабы), сондай-ақ Ақбидай, Қазақауыл шағын ауданында, Есіл («Vela Village», «Куршевель», «Family Town», «Family Park» тұрғын үй кешені) және Нұра («Будапешт», «Cosmic City» тұрғын үй кешені) ауданы көгілдір отынға қосылды. Бұған қоса "Тұран», «Тельман», «Оңтүстік-шығыс» газ жылу станциялары мен Ильинка, Тельман, Пригородный, «Family Village", Өндіріс, Кирпичный тұрғын алаптарына газ жеткізу желілерінің құрылысы бітіпті. Көп көрінгенімен, осының бәрі Астананың 20 пайыздық межесін де толтыра алмады.
– Үшінші кезек бойынша жұмыстар 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Бұған қажетті қаражат республикалық және жергілікті бюджет есебінен және жеке инвестицияларды тарту арқылы қарастырылады. Жобалар аясында қала әкімдігі тарапынан былтыр үшінші автоматтандырылған газ тарату стансасы (АГРС-3) станциясының құрылысы басталды. Сондай-ақ, 2 жыл бұрын газ желісінің құрылысы басталған Шұбар тұрғын алабындағы 890 үйге көгілдір отын кіргізіледі.

Мұндағы басты мақсат – қаланы зиянды түтіннен толық арылту. Ең көп көмір түтіні қала орталығындағы осы тұрғын алабынан байқалып отыр. Бүгінде қажетті қаржы бөлінді, енді мемлекеттік сатып алу арқылы мердігер ұйымды анықтау шаралары жүріп жатыр. «Family Village» тұрғын алабында құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, 8,7 шақырым газ желісі тартылса, Үркер тұрғын алабына былтыр пилоттық бағдарлама арқылы құрылыс жұмыстары ин­вестор шотынан жүргізіліп, 45 шақырым желі жүргізілді. Жалпы жұмыстардың толық аяқталуы осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр, – деп мәлімдеген қаланың Энергетика басқармасы.
Бас шаһар тұрғындары жақсы біледі, қыс келсе Астаналық базар тұсында жатқан жер үйлер аумағы мен Шұбар тұрғын алабының аспаны көмір түтінінен көрінбей қалады. 2026 жылға дейін 300 мың Астана тұрғыны газға қосылмақ. Дегенмен бұның өзі көк түтіннен толық арылтуға жетпейді.

Көп оқылды: