Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Моңғолияны байланыстыратын тікелей автомагистраль жобасының іске қосылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Jarialike.kz ресми дереккөздерге сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бұл туралы Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхпен өткен келіссөздер қорытындысы бойынша айтты. Оның сөзінше, екі ел арасында тікелей автожол қатынасын ашу үшін арнайы үкіметаралық жұмыс тобы құрылмақ.
Президенттің айтуынша, бұл жоба екі мемлекет арасындағы сауда, логистика және туризм салаларын дамытуға жаңа серпін береді.
Келіссөз барысында тараптар сондай-ақ Астана мен Ұлан-Батыр арасында тікелей әуе рейстерін қайта жандандыру мәселесін де талқылады.
Айта кетейік, Қазақстан мен Моңғолия арасында ортақ шекара жоқ. Сондықтан болашақ автомагистральдың бағыты мен қай елдердің аумағы арқылы өтетіні әзірге нақтыланбаған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама Орталық Азия мен Шығыс Азия арасындағы көлік-логистикалық байланысты күшейтіп, өңірлік сауда айналымын арттыруға ықпал етуі мүмкін.