Ой коллекциясы
Тұнық айдың демінен дір етеді кілт ойым.
Мұң сіңірген ауаны жұтып әлек өскен ұл.
...Үрккен әуен оятады бұлт көшін.
Шідерлі аттың ентігендей тершіл кім?
Шаңырақтан бұлт көшеді керуен.
Ақылына қамшы салды өскен ұл,
сол ғасырдың ағытылмай қалыпты
шідерінің тиегі.
***
Әппақ жауын. Көмкерілген тыныштық.
Құзғын шыңдар бұлттан киіп шылауыш,
көз алдым да ақ самайлы ақ әжем.
........................................................
Туырлықтан тамшы әуені бүлк етті.
Долы қатын әңге салды әттең-ай...
Жазық еді әжеміздің маңдайы.
Содан кейін,
күн ашылды көкірегін керіп сап.
Майса шөптің ат шайнаған күртілі
Тәңіріңнің қоңырауы іспетті.
***
Жаңбыр жауды. Биебау.
Құлан тектес құла айғыр кісінеді.
Желі ауысты күңгейге.
Ал, алаштың құлыны ондай бақыт көрген жоқ.
***
Жеңгей отыр бие сауып бүкпелеп.
сосын мені мас қылмақ.
Биені де, жеңгейді де исіндіріп алмасаң
самау исі және тағы...
Іңір құлап келеді. Күшті болды.
Көнегінде;
Күріп-гүріп, күріп-гүріп естіледі күй үні...
***
Іркіт пістің «саба-саба май түс» - деп
Ал, сабаның бүйрегінен ұрғылайды Ай піспек.
Құртың қызыл болмаса,
келіншектің арасында айтыс көп.
Кешір, жеңге!
***
Таң ағарды ашты келін түндігін.
Ал, сәбидің кім кеседі кіндігін.
Манъяк
Оның ойлары Семей полигонынан мутацияға ұшыраған
адамның ойлауы сияқты.
Мына әлемді қисық-қыңыр басады және тағы күртесінен тылдың исі аңқиды.
Қайсеновтай партизан да болған жоқ.
Емін-еркін аралады әр үйді.
Оның көркем жұмысы;
«Құдайлатып» сосын тәтті әуенге салғызу.
Сабан демін жұтып әлек бозғыл Ай.
Аспан жақтан ағып түсті құйырықты жұлдыздар.
Қайтсін енді, маңдай тердің ақысы!
***
Маза, күдік, күбір, ой.
Мүмкін сенің өлер күнің бүгін ғой.
Мына өмір қара құдық секілді,
батып кетсең шыға алмайсың түбінде, ой
Қамық,қайғыр, күйзел мейлі күйік шал.
Өзіңді-өзің әлің келсе сүйіп қал.
Ойларыңда жұмыртқалап жатса өлең,
самғат бәрін жиып хәл.
Ойла тағы, қорық, шошы, түс жоры,
Өксік, шер мұң іш толы.
Кеңістікке самғат бәрін өлең қып,
жол сап берер адасқанға құс жолы.
Құнық, шөлде, ой сұрап іш құдайдан.
Қобыз сарын көмекейде жылайды ән.
Жесір ойдың жетегінде жүргенде,
кімге барып, ақтарылып сыр айтам.
Айық,жазыл дерт билеген зауалдан.
Айықтырар санаулы өлең,санаулы ән.
Құдайыңа бармақ жалғап қол шығар,
мына әлемде жоқ болса егер табар мән...