Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Құжатта жаңа ордендер мен медальдар бекітіліп, бірқатар құрметті атақтардың берілу тәртібі нақтыланды.
Атап айтқанда, мемлекеттік ордендер қатарына «Al-Farabi» және «Qoja Ahmet Yasaui» ордендері қосылды. Ал медальдар тізімі композитор Шәмші Қалдаяқовтың есімімен толықты. Бұл марапат музыка өнерінің дамуына үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Сонымен қатар, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» және «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алған мамандарға біржолғы төлем қарастырылған. Ал «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағының иегерлері арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.
Заңда «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік наградалар ретінде де нақтыланды.
Өзгерістер заңға Президент қол қойған күннен бастап күшіне енді.